Ташкентте шығатын қазақтілді «Нұрлы жол» газетінің жарық көре бастағанына 33 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ташкентте шығатын қазақтілді «Нұрлы жол» газетінің жарық көре бастағанына 33 жыл

15.01.2024

Ташкентте шығатын қазақтілді «Нұрлы жол» газетінің жарық көре бастағанына 33 жыл. Республикалық басылым көрші елдегі қандастарымыз үшін үзбей ақпарат таратып келеді. Газет Өзбекстан олий мәжілісі мен үкіметінің қолдауымен шығады. Елдің қазақтар қоныстанған барлық ауыл-аймағына тарайтын газеттің ұжымымен тілшіміз кездесіп қайтты

«Достық туы» деген атаумен 1991 жылдың қаңтарында жарық көрген газеттің алғашқы бірнеше саны Шымкенттегі баспаханада басылған. Арада екі жыл өткенде «Нұрлы жол» деп өзгерген басылым негізінен елдің саяси өмірін, әлеуметтің жайын қаузайды. Өзбекстандағы қазақтардың тыныс-тіршілігі басты назарда.

Ғұламзәкір Жүсіпов, «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы:

Қазақстанмен байланыс жақсарды. «Отандастар» қоры бойынша көп материал шықты. Сосын сіздердегі діни басқармамен сұхбат шығардық. Егемен Қазақстан газетінің мақалаларын да беріп тұрамыз. Байланысымыз тығыз.

Газет аптасына екі рет шығады. Саяси-әлеуметтік мәселелерден бастап, ауыл азаматтарының өмірі жайлы да мақалалар үздіксіз беріліп отырады. Таралымы 5 мыңнан асады. Осыдан он жылдай бұрын екі есе аз болған. Шығармашылық ұжымда жиырмадан астам адам еңбек етеді. Арасында Қазақстанда білім алған журналистер де бар.

 Райхан Бабатаева, «Нұрлы жол» газеті бас редакторының орынбасары:

Бізге қолдау көп. Оқырманымыз да көп, бір жағынан газеттің таралуына үкімет тарапынан жәрдем берсе, ары қарай тиражын көбейтуге, сапалы танымдық мақалаларды шығару үшін де осы жерде еңбек етіп жүрген журналистердің еңбегі өте үлкен

Таяуда басылым жаңа ғимаратқа көшті. Ұжым үшін бұл да бір айтулы қуаныш. Қос елдің бірлігін бекемдеу жолында қалам тербеп жүрген қазақ журналистер Өзбекстанда тұрып жатса да, өз жұртының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын ұмыт қалдырған емес. Газеттің бір бетінде әрдайым әдебиет пен мәдениетке, екі елдің ақын жазушыларының шығармаларына орын беріледі.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу