Ақмола облысында жолда қалған 75 адам құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында жолда қалған 75 адам құтқарылды

11.01.2024

Ақмола облысында боранда жолда қалған жетпіс бес адам құтқарылды. Оның біреуі бала. Олар жақын маңдағы елді мекендердегі төрт жылыту пунктіне жеткізілді. Оған қоса, құтқарушылар жиырма бір автокөлікті қауіпсіз жерге шығарған. Сондай-ақ, кеше кешке ақ түтек боранда жолда қалған аяғы ауыр әйел мен бала құтқарылды. Ерейментау ауданы Еркеншілік ауылының тұрғындары қолын сындырып алған ұлын аудан орталығындағы ауруханаға апара жатқан. Жолда әкесі су әкелуге шығып, адасып кеткен. Құтқарушылар оларды қарлы боранды жаяу іздеп, екі адам отырған көлікті әзер тапқан. Оларға бірден медициналық көмек көрсетілді. Ал әкесі жылыту пунктіне өзі жеткен. Айта кетейік, қазір өңірде ауа райының қолайсыздығынан бірнеше бағыттағы жолдар жабық.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу