Қазақстан – инвестиция тарту жөнінен көшбасшы 10 елдің қатарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан – инвестиция тарту жөнінен көшбасшы 10 елдің қатарында

05.01.2024


Қазақстан шетелдік инвестиция тарту жағынан әлемде үздік ондықтың қатарында. Алтыншы орында. Халықаралық сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. «FDI Intelligence» талдау орталығы Азия, Африка, Таяу Шығыс және Еуропа елдерінің экономикалық өсімін зерттеген. Рейтингте Азия елдері көш бастап тұр. Сонымен Қазақстанның инвестициялық әлеуеті қандай? Президент тапсырмасымен инвесторларды жан-жақты қолдау шаралары қалай жүзеге асып жатыр? Айя Мүтәлі анықтап көрді.

Еліміз инвестиция көлемі бойынша посткеңестік кеңістікте көш бастап тұр. Орталық Азия елдеріне тартылған барлық инвестицияның 61 пайызы бүгінде Қазақстанға тиесілі. Пандемия кезінде де негізгі капиталға салынған қаржы 17,2 млрд долларға жетті. Ал былтыр бірінші жарты жылдықта ел экономикасына 13,3 млрд доллары көлемінде инвестиция құйылған. Қаражаттың көбі Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай елдерінен тартылды.

Бауыржан Айтқұлов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жобалар департаментінің директоры:

Біздің елімізге іссапармен өздеріңіз білетін үлкен экономикалық бағдарламамен Франция президенті Э. Макрон келді. Сингапур Республикасының президенті Х. Якоб ханым, Германия федеральді президенті Штат Майэр, Чехия премьер-министрі келді. Сол сапар аясында бірқатар инвестиция тарту бойынша құжаттарға қол қойды.
Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, былтыр 70-ке жуық ірі жоба бойынша келісімшарт жасалған. Оның дені білім, электр энергия, газ, қойма шаруашылығы мен транспорт саласына бағытталды. Ал өңірлер бойынша Астана, Алматы қаласы мен Ақмола облыстарына көбірек қаржы тартылған. Сонымен бірге, Қазақстан нарығында өз филиалдарын ашуға ниетті шетелдік компаниялар да артқан.

Ренат Бектұров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Бізге Тиктоктың аймақтық офисі көшіп келді. Осында ашылды. Ол үлкен компания. Әлемдегі 50 ірі компанияның ішіне кіретін шығар. Сонымен бірге, үлкен төрттік аудиторлық компанияға кіретін КПМДЖИ өзінің аймақтық офисін осында көшірді. Полиметалл әлемдегі он ірі алтын өндіретін компаниялардың бірі Ұлыбританияны юрисдикциясы Астана халықаралық қаржы орталығына көшіп келді.
Ал инвестициялық жобалардан бюджетке түскен салық жылдан жылға артып келеді. «Астана» қаржы орталығы 2022 жылы түсім 25 млрд теңгеге, ал былтыр 30 млрд-қа жуықтағанын айтады. Отандық сарапшылар елдегі инвестициялық әлеуеттің жылдан жылға артуын инвесторларға жасалған қолайлы жағдаймен байланыстырып отыр.

Ернар Серік, экономист:

Тек саяси тұрақтылық емес, Қазақстанда баяғыдан бері келіп жатқан қазіргі макроэкономикалық тұрақтылық, заңнамалық тұрақтылық, инфрақұрылымды жақсартуы транзиттік ахуалды көбейтуге жасалып жатқан шаралар сол инвесторлардың назарында деп ойлаймын. Сондықтан біздің ел қазіргі таңда дүниежүзінде 10-дыққа кіріп отыр.
Айя Мүтәлі, тілші:

Жалпы Президент экономиканы одан әрі көтеру үшін 2029 жылға қарай инвестиция көлемін 150 млрд АҚШ долларына жеткізуді тапсырды. Ал жоспарды орындай алмағандар жауапсыз қалмайды. Өңірде инвестициялық ахуал нашар болса, министр де, әкім де жазаланады деп Жарлық шығарған болатын.


Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу