Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбаты ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Онда Мемлекет басшысы «Қаңтар оқиғасы» мен елде орнады делінген қос билікке қатысты сұрақтарға ашық жауап берген. Әрі былтыр атқарылған істер мен алдағы жоспарлар жайлы айтқан. Зорлық зомбылық жасағандарға жазаның күшейетінін мәлімдеп, атом электр станциясын салу мәселесіне кезекті рет тоқталған. Тұңғыш президенттің мемуары жайлы сұраққа да жауап берген.
Президенттің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты жан-жақты. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі 2023 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған. Оның айтуынша былтыр Конституциялық сот жұмысын бастады. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын жаңа ереже бойынша сайлап, аудан қала әкімдерін таңдадық. Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлінетін болды. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстары мықтап қолға алынды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен өткен қыркүйектегі Жолдауымда жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айттым. 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стратегиялық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады.
Мемлекет басшысы «Қаңтар оқиғасына» да тоқталған. Оның айтуынша, екі жыл бұрын болған жаппай тәртіпсіздікке жылдар бойы қордаланған әлеуметтік мәселелер түрткі болған. Әрі президнттің саяси жүйені демократияландыруға, экономиканы монополиядан арылтуға бағытталған реформалары, ескі жүйеден айырлығысы келмеген лауазымды адамдарға ұнамай қалған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты.
Қазір кейбіреулер «қаңтар оқиғасын» халық көтерілісі деп жүр. Президент сұхбатта бұған нақты жауап берді. Бұл ешқандай да ревалюция емес. Жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкеріс. Қару-жарақпен шыққан лаңкестердің, баскесерлердің жаппай тәртіпсіздігі. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Ресей құтқарып қалды деген алып-қашпа сөздерге де тоқалған. Президенттің айтуынша, Қазақстанға Ресей емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскері қол ұшын созған. Әрі сол кезде бірлестікке Армения төрағалық еткен еді.
Ермек Тоқтаров, Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының сарапшысы:
Қаңтар оқиғасы 2022-2023 жылдары болған саяси реформалардың себебі болды. Өйткені бұл қаңтар оқиғасынан кейін бәрімізге мәлім болды, белгілі болды әрі қарай бұл саяси жүйеде, ескірген ережелер бойынша саяси өмірді саяси активизмді тағы басқа да саяси институттарды құруға болмайды.
Иә, «Қаралы қаңтардан» кейін елде көптеген саяси реформалар жүзеге асты. Референдум өткізіп, конституцияға өзгеріс енгіздік. Президенттің туған туыстары биліктен аластатылды. Әрі ол 7 жылдық бір мерзімге ғана сайланады. Сондықтан мемлекет басшысы Ата заңды қайта өзгертіп, 2026 жылы екінші мәрте президент сайлауына түседі дегенді қауесетті жалған деді. Оның айтуынша кеттің бе, қайта қайырылмау керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Негізгі ұстанымдар Конституцияда нақты айқындалып, біржола бекітілген. Мысалы, Ата заңның 91-бабына сәйкес, Конституцияда белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігі, біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері және осы жерде айрықша атап өтейін, Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланады деген ереже еш өзгермейді.
2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметіне кіріскеннен кейін елде қос билік жүйесі қалыптасты деген сөз тараған. Расымен солай болды ма? Мемлекет басшысы бұл сұраққа ашық жауап берген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.
Бұдан бөлек, Президент елімізде ешқандай да саяси қудалаудың жоқ екенін әрі банктерге талаптардың, ал бала-шағасына жұдырық ала жүгіретіндерге жазаның күшейетінін айтты. Сондай-ақ 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу міндету тұр деді. Ол үшін экономиканы әртараптарындырып, қарыштап дамып жатқан Қытай сияқты алпауыт елдермен серіктестікті арттыру қажет.
Бауыржан Ерланұлы, Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының сарапшысы:
Қазақстанның көпвекторлы саясаты ұстанатынына мән беру керек. Яғни, Қазақстан Қытай бағытында ғана емес. Ол Куропа одағымен, Амеркиа құрама штаттарымен яғни Оңтүстік Азия елдерімен шығыстағы Жапония, Корея елдерімен де байланысты өте қарқынды дамытып жатқандығын атап өтуге болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемуарына қатысты сұраққа да жауап берген. Оның пікірінше, бұл кітап тәуелсіз мемлекет құру ісінің жылнамасы ретінде оқырман қызығушылығын туғызады. Ал өзінің әзірге мемуар жазу туралы ойы жоқ екенін айтты. Өйткені «қазіргі кезең кітап жазып отыратын уақыт емес», деді Президент.