Еліміз бойынша 16 өңірде дауылды ескерту жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміз бойынша 16 өңірде дауылды ескерту жарияланды

29.12.2023

Еліміз бойынша 16 өңірде дауылды ескерту жарияланды. Кей облыстарда желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетуі ықтимал. Жетісу облысында екі бағыт бойынша жол жабық. Сондай-ақ Қостанайда облыстық маңызы бар жолдар жабылса, Ақтау мен Атырауда қатты жел салдарынан ғимараттардың шатыры жұлынып, жарықсыз қалған елді-мекендер бар. Ал Түркістан облысында ауарайының қолайсыздығына байланысты бірнеше блок бекет қойылып, жолдар жабылды.

Түркістан облысы аумағында қалың қар жауып, ақ түтек боран басталды. Осы орайда азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, Түркістан облысы Полиция департаментінің тиісті сала қызметкерлері республикалық, облыстық маңызы бар жолдарға патрульдеуге жұмылдырылды. Өңірден Жамбыл облысы бағытына қарай «Шымкент-Алматы» автожолының Машат пен Шақпақ ата асуы жабылды.

Сарыөзек-Көктал және Үшарал-Достық тас жолдары боран салдарынан жабылды. Алайда ақпаратқа мән бермей сапарға шығып кеткен 18 адам Сарыөзек-Көктал трассасында қар құрсауынан құтқарылды. 4 көлік мінген жолаушылар арасында 9 бала бар. Өңірде ауа-райы құбылмалы. Солтүстігінде қатты жел, бұрқасын болса, кейбір аудандарда жаңбыр жауып, көктайғақ.

Сағади Әлібай, Жетісу облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы:

Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға шақырады. Дауыл туралы ескертулерді назарсыз қалдырмаңыз.

Қостанайда тағы да ақтүтек боран соғып тұр. Желдің жылдамдығы секундына 12 метрге дейін жетті. Аймақта облыстық маңыздағы барлық жолдар жабылды. Жергілікті билік өкілдері тұрғындарға аса қажеттілік болмаса елді мекен аумағынан шықпауға кеңес береді.

Ал Ақтауда қатты желдің салдарынан балабақшаның шатыры ұшып кетті. Ол жанында тұрған көліктердің үстіне құлап, бірнешеуін зақымдаған. Оқиға түнде болды. Аймақта желдің жылдамдығы секундына 21 метрге дейін жеткен. Сол уақытта үшінші шағын ауданда орналасқан жеке балабақшалардың бірінің шатыры жұлынып, 6 көлікті басып қалған. Ешкім зардап шеккен жоқ. Осы кезде теңіз жағалауындағы жаңа жылдық шырша да құлаған.

Атырауда да қатты желдің салдарынан бірқатар тұрғын үй жарықсыз қалды. Бағдаршамдар істен шығып, ғимарат шатырлары ұшты. Кей жерлерде жарық бағаналары үй-жайларға құлаған. Жеке тұрғын үйлерде жылыту қазандықтары тоқпен жұмыс істейтіндіктен, қара суықта халық жылусыз отыр. Апат салдарынан қаладағы 12 елді мекен мен шағын ауданның тұрғындары жарықсыз қалған.

Ақтөбе облысында да ауа райы құбылып тұр. Кеше жаңбыр жауып, бұған дейін жауған қар түгелімен еріп кетті. Салдарынан өзендердің деңгейі көтерілді. Байғанин, Ойыл, Шалқар және Мұғалжар аудандарындағы елді мекендерге қауіп төнді. Алайда, кешке қарай күн салқындап, су деңгейі түсті. Ал бүгін тұрғындар көктайғақтан зардап шегіп жатыр. Кешелі бері дәрігерлердің көмегіне жүгінгендердің саны артқан.

Асхат Мешітбай, дәрігер-травматолог:

Осы екі күннің өзінде 67 науқас бізге келіп қаралды. Соның төртеуіне госпитализация жасалды.Көп жағдайда көктайғақтан жарақат алатын адамдар – егде адамдар.

Ауа райын болжаушылар алдағы күндері елімізде күн райы тұрақсыз болатынын айтады. Боран, көктайғақ, жауын-шашын болады деп күтілуде.

Қуаныш Қанатұы


Хабарламаларға жазылу