«Қорқыт» телехикаясы өзбекстандық көрерменге ұсынылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қорқыт» телехикаясы өзбекстандық көрерменге ұсынылады

25.12.2023

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген, «Qazaqstan» ұлттық арнасының эфирінде жуырда ғана тұсауы кесілген «Қорқыт» тарихи телехикаясын енді өзбекстандық көрермен тамашалайды. Бүгінде фильм өзбек тіліне аударылып, Өзбекстан мемлекеттік телерадиокомпаниясында дыбыстау жұмыстары жүріп жатыр. Толығырақ Ташкенттегі тілшіміз Базаркүл Отыншиева әңгімелейді.

Бұл - төрт бөлімді тарихи драманың бірінші сериясын дубляждау процесі. Түркі халықтарына ортақ тұлға Қорқыттың дүниеге келуі, балалық шағынан бастап, абыз ретінде қалыптасу кезеңі қамтылған жобаны дыбыстауға өзбек еліндегі ең таңдаулы актерлер атсалысып жатыр. Олардың қатарында Элёр Носиров, Зулхумор Муминова секілді өнер майталмандары бар.

Элёр Носиров, Өзбекстанның халық әртісі, театр және кино актері:

Қазақ бауырларымыз тарихқа аса құрметпен қарайтынын осы телехикая арқылы тағы бір дәлелдеп отыр. Бұл фильмнің кейінгі жас ұрпаққа берер тағылымы мол. Киноға түскен барша актерлерге алғыс айтамын. Біз ешқашан «қазақ,өзбек» деп бөлінбеген елміз. Ата- бабамыз айтқандай «бір қазаннан ас ішіп, бір дариядан су ішкен» жұртпыз. Достығымыз арта берсін.

«Қорқыт» «Қазақстан» телерадиокорпорациясының өзге мемлекеттермен бірлесе түсірген алғашқы ірі жобасы. Телехикаяның сәтті шығуына Өзбекстан да атсалысты, кей эпизодтар осы елдің Хиуа қаласында түсірілген. Тарихи драманы өзбек тіліне жазушы Фаррух Жабборов аударған. Шығармашылық ұжым қазақша төл нұсқасынан тәржімалау аса қиынға соқпады, - дейді

Шомахмуд Шорасулов, дубляж режиссері:

Бірінші күннен дыбыстау жұмыстары өте жеңіл басталды. Алдағы уақытта осылай жалғасары анық. Сөздері ұғынықты, кей тұстарын тәржімасыз ақ түсіну аса қиын емес. Өйткені бауырлас екі елдің тілі өте ұқсас. Тарихи драма көрерменге ұнайды деген сенімдемін.

«Қорқыт» тарихи телехикаясы 2024 жылдың 8-ші қаңтарынан бастап Өзбекстан мемлекеттік телерадиокомпаниясының эфирінен көрсетіле бастайды. Мұнан бөлек Түркия, Әзербайжан мен Қырғызстанның ең басты мемлекеттік арналары да бұл сериалды өз аудиториясына ұсынады.


Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу