Батыс Қазақстан облысында Рожков газ конденсатты кен орны пайдалануға берілді. Жаңа нысанда жылына 1 млрд текше метр табиғи газ бен конденсат өндіріледі. «ҚазМұнайГаз» кәсіпорнының 50 пайыздық үлесі бар кен орны тікелей эфирдегі телекөпірде Үкімет басшысының қатысуымен іске қосылды.
Бәйтерек ауданындағы кен орны 15 жыл бұрын барланып, жер астында газдың мол қоры бар екені анықталған. Рожковтан жылына - 1 млрд текше метр газ, 500 мың тонна конденсат өндіріледі. Алынған шикізат «Жайықмұнайгаз» зауытында өңделеді.
Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" Ұлттық Компаниясы" Ақ Басқарма Төрағасы:
Былтыр Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мұнай газ саласын жандандыру туралы біраз тапсырма берген болатын. Сол тапсырмалар аясында биыл үш газ кен орнын іске қостық. Яғни мамыр айында Қызылорда облысындағы Оңтүстік Ақсай кен орнын, желтоқсан айының басында Ақтөбе облысындағы Шығыс Өріктау кен орнын іске қостық, енді, міне, жыл соңында Рожков кен орнын пайдалануға беріп отырмыз.
Өнеркәсіптік ірі жобаға 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылған. Кен игеруші "Орал Ойл энд Газ" акциясының 50 пайызы - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының үлесінде. Қалған бөлігі Мажарстан мен қытайлық кәсіпорынның еншісінде.
Евгений Лапшин, Mol Group Ресей/Қазақстан компаниясының бас директоры:
Кен орнының ашылуы - біз үшін де өте қуанышты оқиға. Жобадағы компаниямыздың үлесі - 27,5%. Келер жылы тағы 4 ұңғыманы іске қосып, жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асырамыз. Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосамыз деп сенеміз.
Тауарлы газ ішкі нарыққа жіберіледі. Ал конденсат мұнай газ зауыттарына тасымалданады. Сондай-ақ, енді аймақ сұйытылған отыннан тарықпайтын болды.
Серікқали Брекешев, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Сұйытылған мұнай газы айына шамамен 7-8 мың тонна өндірілетін болады. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының қазіргі тұтыну көлемі шамамен 4-4,5 тонна. Сондықтан біздің өндіріп жатқан сұйытылған газ көлемі тек осы облысты ғана емес, басқаларын да қамтамасыз етуге жетеді. Ол да ішкі нарыққа кетеді.
Жобаның құрылысына 500-дей жұмысшы тартылса, қазір іс басында 80 адам еңбек етеді. 2040 жылға дейін мұнда 15 млрд текше метр газ бен 7 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр.