Еліміздің бірқатар өңірінде үскірік аяздан мыңнан аса адам құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірқатар өңірінде үскірік аяздан мыңнан аса адам құтқарылды

13.12.2023

Еліміздің бірқатар өңірінде үскірік аяз бен ақтүтек бораннан жол қатынасы қиындады. Ауа райының қолайсыздығынан еліміздің барлық жолдарында 400-ге жуық көлік тұрып қалған. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" хабарлады. Құтқарушылар кешелі бері қар құрсауында қалған мыңнан аса жолаушыны құтқарып, жол бойында қалған адамдарға күн-түн демей көмек көрсетуде.Мәселен, Жамбыл облысында қарлы боранның салдарынан 150-ге жуық жүк автокөлігі екі тәуліктен бері күйік асуынан аса алмай тұр. Жеңіл көліктер болса, таулы аумақтан патрульдік полицияның ізіне еріп қана әрі-бері өтіп жатыр.

Ал Түркістан облысында кешеден бері қар құрсауында қалып кеткен мыңға жуық адам құтқарылды. Барлығы жақын елдімекендердегі жылу бекетеріне орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қолайсыз ауа-райына байланысты өңірде республикалық маңызы бар тас жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Талғат Досалиев, Түркістан облыстық ТЖД басқарма бастығы: 

Қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдарда 300-ден астам жүк көліктері, жеңіл автокөліктер жолда қалған. Жалпы 60-тан аса адам, оның ішінде 10 бала қауіпсіз орындарға көшіріліп, Шымкент қаласына қарай жөнелтілді.

Ақмола облысында қатты аязда жолда қалған 31 Тәжікстан азаматы Көкшетау қаласындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Соның ішінде екеуі бала.

Сыр өңірінде де, күн күрт суытып, алыс сапарға шыққан жүк көліктерінің жанармайы қатып жолда қалуда. Полицейлер қиындыққа тап болған 20-ға жуық жүргізушіге көмек көрсетіп, жылы жерге эвакуциялады. Сондай-ақ, аяздың салдарынан ұшақтардың рейсі кешігіп, жолаушыларға қолайсыздық тудырып жатыр.

Хабарламаларға жазылу