Deepfake: Кибералаяқтық бір жылда он есе өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Deepfake: Кибералаяқтық бір жылда он есе өскен

11.12.2023

Жасанды интеллект кесірі. Биыл АҚШ-та телефон алаяқтығы бірнеше есеге өскен. Себебі әккілер deepfake арқылы бөтен адамның дауысын салуға әбден әуестенген. Азаматтар жақынының дауысын ажырата алмай, алданып жатыр. 

Дженнифер Дестефано телефон алаяқтарынан зардап шеккен мыңдаған америкалықтың бірі. Әлі күнге белгісіз нөмерден қоңырау түссе көтеруге жүрегі дауаламайды. Себебі, жыл басында сондай бейтаныс телефоннан он бес жасар қызы Бриананың үрейленген дауысын естіп қатты шошынып қалған.

Дженнифер Дестефано, телефон алаяқтарынан зардап шегуші:

Мен қызымның Анашым, бұл адамдар мені ұрлап кетті. Маған көмектесші. Маған көмектесші деген жалынышты дауысын естіп қапаландым. Сол кезде телефонды басқа кісі алып, мені мұқият тыңда. Егер полицияға қоңырау шалсаң, қызыңа есірткі егіп, Мексикаға жөнелтемін. Ешқашан көрмейсің деді.

Бұл сөздерден кейін есеңгіреп қалған ана көшеге шығып шыңғыра бастайды. Себебі, қылмыскерлер қызын босату үшін бір миллион доллар талап еткен. Оның жан дауысын естіген көршісі дереу полицияға хабарласып, бұл телефон алаяқтарының әрекеті болуы мүмкін екенін түсінеді. Ал алаяқтар оның даусын жасанды интеллект арқылы өңдеп, айнытпай салған. Сарапшылардың айтуынша, қазір интернет қылмыскерлер жасанды интеллектің арқасында даусыңызды бірнеше секундтың ішінде клондай алады. Ол үшін мәселен, әлеуметтік желідегі парақшаңыздан кез келген аудио жазбаңызды жүктеп алса жеткілікті.

Рич Франкель – федералды тергеу бюросының бұрынғы агенті:

Егер сіз мұндай жағдайға тап болсаңыз, бірінші кезекте көмек сұраған адамның телефонына немесе тікелей хабарласып көз жеткізіңіз. Бұл алаяқтық болса, бірден білесіз. Егер бұл шынымен адам ұрлау фактісі болса, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініңіз.

Дженнифер бұл сынақтан стресс қана алса, мыңдаған америкалық қомақты қаржысынан қоса айырылды. Федералды тергеу бюросының мәліметіне қарағанда, кибер алаяқтар бір жылдың ішінде американдықтардың шамамен $10 млрд долларын ұрлаған. Жалпы, былтырмен салыстырғанда биыл АҚШ-та дип фейкті қолдану арқылы қылмыс жасау он өсе өскен. Сондықтан Конгресс жасанды интеллектіні ретсіз пайдалануға тыйым салатын заң жобасын әзірлеуге кірісіп кетті.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу