«Халықаралық қоғамдастық климат бағытындағы бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуды күшейтеді деп үміттенеміз». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өтіп жатқан Дүниежүзілік климат саммиттінде осылай деді. Себебі қазір әлем елдері жаһандық жылынудан зардап шеккен дамушы мемлекеттерге арнайы Қор арқылы қаражат беруге асықпай отыр. Мемлекет басшысы тағы қандай мәселе көтерді? Саммиттің күн тәртібі қандай? Данияр Қайыртай баяндайды.
Данияр Қайыртай, тілші:
БҰҰ Климаттық саммиті 1995 жылдан ұйымдастырылып келеді. Көбінесе мемлекеттер басшылары бастап келетін делегацияларды жыл сайын әлемнің әр түрлі қаласы қабылдайды. Биылғы 28-ші саммит Дубайда өтіп жатыр. Талқыға салынатын негізгі мәселенің бірі – жаһандық жылынудан зиян көрген елдерге көмек көрсету үшін құрылатын халықаралық қордың жұмысын ұйымдастыру.
Тараптар мұндай қорды құруға былтыр Мысырда өткен саммитте уағдаласқан еді. Идея түсінікті: бай елдер дамушы елдерге жасыл экономикаға көшу үшін қаржылай көмек көрсетеді. Бірақ қалай, қандай көлемде, қаражат кімге беріледі, қорды кім басқарады – белгісіз. Бұл жолы да нақты шешім жоқ.
Зүлфия Сүлейменова, ҚР Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:
Қай мемлекеттер ала алатыны нақты айтылмаған. Алдағы уақытта қосымша ережелер қабылданатын болады. Канкун шешімі деген бар. Ол жерде дамыған мемлекеттер жыл сайын кем дегенде 100 миллиард қаражат жинайтын болатыны айтылған.
Ғаламдық климаттың өзгеруіне қатысты мәселе көп. Адамзат тарихтағы ең ыстық жылды бастан өткеріп жатыр. Климаттық дағдарысты тежеу жолын талқылау үшін әлем елдерінің басшылары қысы жоқ қалада бас қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Араб Әмірліктерінің Президенті мен БҰҰ Бас хатшысы қарсы алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси тұрақсыздық және энергетикалық қауіпсіздіктің болмауы климат мәселесіне назар аударуға мұрша бермей жатқанына тоқталды. Әрі Қазақстан Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы алғашқы мемлекет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторында «жасыл» технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді. Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ «жасыл» сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Біз осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз.
Қазақстан электр энергиясын көміртегі қалдықтарынсыз өндіру ісінде жаһандық деңгейде шешуші рөл атқарады. Себебі еліміз – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет, деді Президент. Әрі сирек кездесетін минералдарды жеткізуде де көшбасшы елге айналуға әзір екенімізді айтты. Бұл минералдар әлемді декарбонизациялау деңгейі бойынша баға жетпес ресурс саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сонымен қатар біз жекелеген «жасыл» бастамаларды белсенді түрде қолдаймыз. Мысалы, Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығы пластикалық қалдықтардан құтылу жөніндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы экологияны қорғауға өз үлесін қосып отыр. Қазақстан Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға да шешім қабылдады. Бұл – жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдететін ең жылдам тәсіл.
Қазақстан Әділетті энергетикалық жүйеге көшу жөніндегі серіктестік бағдарламасына іске асыруға бейіл. Себебі Орталық Азияда көмірге қатысты түйткілдер көп. Президент аймақтағы елдер 2050 жылға қарай температураның 2,5 градусқа көтерілуімен бетпе-бет келетінін айтып, оның салдарына тоқталды. Бірақ мұндай құбылыстарға бейімделуіміз керек деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мысалы, біз Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Өздеріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақстан келесі жылы Қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы шеңберінде «Біртұтас су» атты бірінші тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиынға тең төраға болатынымызға қуаныштымыз.
Бұдан бөлек, Қазақстанда Орталық Азиядағы климатты қорғау жөніндегі іс-қимылдарға тың серпін беру үшін үш жылдан кейін Өңірлік климаттық саммит өтетінін жеткізді. Климаттық дағдарысқа бүкіл әлем болып төтеп беру қажеттігін айтты.
Данияр Қайыртай