Әлемде алғаш рет көз трансплантациясы жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде алғаш рет көз трансплантациясы жасалды

29.11.2023

АҚШ хирургтары әлемде алғаш рет көз алмасының трансплантациясын жасады. Яғни, донордың бүтін бір көзін науқасқа салып берді. Ол жаңа көзбен көре ала ма жоқ па әзірге белгісіз. Десе де мамандар бұл отаның жасалуы және сәтті өтуінің өзі үлкен жетістік деп отыр. Себебі, қос жанарынан айырылып, зағип болып қалған талай жанға көкірегіне үміт отын жақты. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатсын.

Әлемдегі алғашқы көз алмастыру операциясы Аарон Джеймс есімді америкалыққа Нью Иорк клиникасында жасалды. Қырық алты жасар науқастың отаға дейінгі түр-әлпеті осындай еді. Абайсызда жоғары кернеулі тоққа түсіп қалып, бетінің көп бөлігі күйеді, сол көзінен айырылады. Хирургтар оның бет терісін ғана емес, иегіне сүйек жалғап, қабағы мен көзін тұтас ауыстырды. Жиырма бір сағатқа созылған күрделі отаға жүз қырық маман қатысқан.

Эдуардо Родригес, Трансплантология бригадасын басқарған хирург:

Көзді ауыстырғанымыздың өзі алға қарай жасалған үлкен қадам. Ғасырлар бойы адамзат армандаған, бірақ бұған дейін жүзеге аспаған нәрсе еді.

Ота мамыр айында жасалған. Яғни, арада жарты жыл өткенде ғана науқас көпшілікке көрсетіліп, операцияның алдын ала нәтижелері жарияланып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, осы аралықта Ааронның жағдайы едәуір жақсарған. Ауысқан көздің қан тамырлары жұмыс істеп тұр. Бұл жақсы нышан дейді. Алайда, әзірге сол көзімен көре алмайды. Себебі, донор көзі оптикалық жүйке арқылы мимен байланыспай тұр. Бұл процесті ширату үшін хирургтар донордың сүйегінен жасушалар алып, науқасқа егіп те көрді.

Аарон Джеймс, алғаш көз трансплантациясын жасатқан науқас:

Мен әзірге көзімді қозғалта алмаймын. Қабағым да қимылдамайды. Дегенмен өзімді жақсы сезінемін. Білесіз бе, мен дәрігерлерге «Бұл көзіммен көре алмай қалсам да бәлкім келесі адамға көмектесу үшін бұл отадан бірдеңе үйрене алатын шығарсыз» дедім. Сондықтан бұл операция жаңа жолды ашады деп үміттенемін.

Дегенмен хирургтер науқас ауысқан көзімен толық көріп кетеді не мүлдем көрмей қалады деп де кесіп айта алмаймыз дейді. Оңалу процесі ұзаққа созылуы мүмкін. Ең бастысы көз алмасы, оның қанмен қамтамасыз етілуі және көзді мимен байланыстыратын оптикалық жүйке жүйесін сәтті трансплантациялаудың өзі үлкен сенсация дейді мамандар. Яғни, нәтижесі қандай болса да алғашқы операция ғалымдарға адам көзін қалпына келтіру жолында теңдессіз мүмкіндік ашпақ.

Хабарламаларға жазылу