Мемлекет басшысы СПЕКА саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы СПЕКА саммитіне қатысты

24.11.2023

Транскаспий дәлізі бойынша тауар тасымалдау жеңілдейді. Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің басшылары Ортақ дәліздегі жүк ағынын цифрландыруға уағдаласты. Мұндай шешім бүгін БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының 25-ші Саммиті аясында қабылданды. Бұл ұйым ширек ғасыр бұрын қазақ елінің бастамасымен құрылса да, мемлекет басшылары деңгейінде алғаш рет ауқымды Саммит өтіп отыр. Онда нендей ұсыныстар айтылды? Қандай келісімдер бар? Бакуден Досжан Маратұлы толықтырады.

Осы апта Бакуде қарбалас. СПЕКА ұйымының 25-ші мерейтойлық саммитіне биыл ерекше мән берілген. Тіпті, оның аясында ауқымды экономикалық форумдардан бастап, көрмеге дейін өтіп жатыр.

Десе де, 1997 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылған СПЕКА ұйымы бұған дейін көп атала бермейтін. Ал жыл сайынғы жиындары вице-премьер мен министрлердің деңгейінде ғана өтетін еді. Бірақ бұл жолғы бас қосудың жөні бөлек. Саммит ұйымға мүше Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан мен Түрікменстан президенттерінің қатысуымен алғаш рет өтті.

Саммиттің жоғары дәрежеде өтуі бекер емес. Қазір СПЕКА-ның рөлі арта түсті. Өйткені геосаяси ахуал ушығып, санкциялар соғысы күшейді, әлем бойынша логистика жүйесі бұзылып, түрлі қарулы қақтығыстар жүріп жатыр. Сондықтан СПЕКА-ға мүше елдер қарап отырмай, өз ойын ережесін енгізуі керек. Ол үшін президенттің нақты ұсыныстары бар. Ең алдымен өз-ара сауданы арттыруымыз қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейтуге елдеріміздің мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Қазақстан мен СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келе жатқаны байқалады. Былтыр өзара сауда көлемі үштен бір есе артып, 10 миллиард долларға жуықтады. Таяу келешекте бұл көрсеткішті екі есе арттыруға толық мүмкіндігіміз бар деп санаймын. Біз бір-бірімізді бәсекеге қабілетті бағаға сай түрлі тауарлармен қамтамасыз ете аламыз. Осы арқылы өзге елдерден келетін импортты қысқартуға болады.

Сауданы арттыру үшін көлік логистика жүйесін жетілдіре түсу қажет. Қазір санкцияларға байланысты Орта яғни, Транскаспий көлік дәлізінің маңызы артты. Енді бұл мүмкіндікті құр жібермеу керек. СПЕКА Азия мен Еуропаны жалғайтын көпірге айналуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жақын жылдары бұл бағыттағы жүк тасымалы едәуір ұлғаяды. Орта дәлізді «Бір жол, бір белдеу» және Трансеуропалық көлік желісімен қосу бәріміз үшін тиімді. Әрі бұл әлемдік саудаға тың серпін береді. Одан бөлек Қазақстан Солтүстік-Оңтүстік дәлізін дамыту бойынша белсенді ынтымақтастыққа дайын. Біздің ел көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін соңғы 15 жылда 35 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Ал, алдағы 3 жыл ішінде 1300 шақырым теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия, Ресей және Еуропа бағыттарына жүк өткізу әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Марио Апостолов, теміржол серіктестігі ұйымының комитет төрағасы:

Қазір орта дәліздің маңызы артты. Дегенмен транскаспий дәлізінің жүк тасымалдау мүмкіншілігі өзге дәліздерге қарағанда әле де төмен. Бірақ әлеуеті зор. Соны толық пайдалануымыз керек.

Иә, қазір СПЕКА елдері жұмыла көлік логистика жүйесін жетілдіріп жатыр. Мәселен енді жүкті елдер арқылы транзитпен тасымалдау үшін бір ғана рұқсат қағазы жеткілікті. Қажетсіз құжаттар да жойылып, тасымалдау саласы цифрландырылмақ.

Әсет Асаубаев, Трасека үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшылығының бас хатшысы:

Бүгінгі күні бір теміржол түрінен екінші теміржолға жүкті ауыстырған кезде сіз міндетті түрде екінші накладнойды рәсімдеп отырасыз. Көлік түрі ауысқан кезде де сіз қайтадан сіз ол накладнойды рәсімдейсіз. Сондықтан оның бәріне кететін уақыт оның бәріне кететін шыған бәрінің көзі жойылады. Яғни ертең Қытай елінен Еуропаға дейін бір накладнойдың түрі бойынша жүкті тасымалдауға мүмкіншілік болады. Сондай-сондай шаралар атқарылып жатыр.

Бұдан бөлек, еліміз Ақтауда контейнерлік хаб құрып жатса, бауырлас Әзербайжан теңіз порттарының мүмкіншілігін арттыру үстінде.

Досжан Маратұлы, тілші:

Мәселен, бұл Бакудегі Әләт теңіз порты. Осы жерден батысқа да шығысқа да кемемен жүк тасымалданады. Бірақ сыйымдылық 80 мың контейнер. Енді оны 500 мыңға жеткізу көзделген. Бұл Каспий арқылы көршіміз Әзербайжанмен алыс берісті арттырып қана қоймай, жүк тасымалы уақтын да қысқартады.

Әрине, мұның бәрі сауда көлемін арттырады. Осы ретте президент Қазақстан СПЕКА елдеріне құны 2 миллиард 300 миллион доллар болатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын деді. Бұл әсіресе, құрылыс, химия және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ықпалдастығымызға тың серпін береді.

Абзал Кәрімов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Біздің саудалық ынтымақтастығымызды дамыту үшін біздің әлеуетіміз зор. Бүгінгі таңда міне кәсіпорындар бір-бірімен байланысып, экспорттау бойынша, тауарайналымды көбейту бойынша бірнеше келсімдерге келіп отыр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы елдеріміздің өнеркәсіп кооперациясы саласындағы әлеуеті жоғары деді. Бұл ретте энергетика, ауыл және су шаруашылығы салаларына арналған техника мен құрал-жабдықтардың инновациялық үлгілерін әзірлеу және оларды өндіру үшін машина жасау компанияларының тәжірибесі мен күш-жігерін біріктіру қажет деді. Президенттің айтуынша бұл аймақ мемлекеттерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайта түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Соңғы бес жылда біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін екі есе арттырдық. Қазір 80-нен астам елге өнім экспорттаймыз. Біз СПЕКА елдерімен осы бағытта белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз. СПЕКА елдері арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты ынталандыратын құралдарды ойлап табуға айрықша мән берген жөн. Осыған байланысты экономикалық даму мен интеграцияға ықпал ету үшін БҰҰ аясында СПЕКА арнайы қорының негізін қалау аса өзекті деп ойлаймыз. Арнайы бағдарламаның маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Қорға қаржылай үлес қосуға әзір.

Президент экология мен трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселелерінде де күш біріктіру керек деді. Өйткені суды бір ғана мемлекеттің пайдаланғаны дұрыс емес. Арал қасіреті соның дәлелі. Енді Каспий теңізіндегі күрделі экологиялық ахуалға көңіл бөлу қажет. Бұдан бөлек, СПЕКА IT, жасанды интеллект, баламалы қуат көздерін дамыту ісінде жұмылуға ниетті.

Досжан Маратұлы, тілші:

25 жылда алғаш рет өткен СПЕКА саммитінің негізгі тұстары осы. Ал ұйым төрағалығы Әзербайжаннан Тәжікстанға өтті. Ал сөз соңында қазақ басшысы саммит Арнайы бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін нақты механизмдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық және стратегиялық серіктестікті нығайта түсетініне сенім білдірді.

Хабарламаларға жазылу