Шымкентте қыста 23 қазандық жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қыста 23 қазандық жұмыс істейді

17.11.2023

Биылғы қыста Шымкент қаласын жылумен қамтамасыз ету үшін 23 қазандық тоқтаусыз жұмыс істейді. Баламалы отын қоры дайын.

Сондай-ақ, алғаш рет мегаполистің шалғай аумақтарына коммуналдық қызметтің арнайы базалары жасақталуда. Қала әкімі мамандармен бірге қысқа дайындық жұмыстарын пысықтады.

Жаздан бастап қаладағы жылу желісі 17 учаскеде жаңартылды. Бұған дейінгі диаметрі 520 миллиметр болатын құбырлардың орнына одан үлкені салынды. Бір айдан бері әлеуметтік нысандар мен 2 мыңнан астам көпқабатты үйге түгелдей жылу берілді. 23 қазандықтың үздіксіз жұмыс істеуі үшін баламалы отын қоры әзірленді.

Нұргелді Орынбаев, №3 қуат-жылу орталығы мемлекеттік мекемесі басшысының бірінші орынбасары:

Газдың қысымы төмен түсіп болмаса ақау болған жағдайда қазандықты дизель отынмен жаға аламыз. Оған арнайы порталмен 38 мың тонна алып қойдық. Тағы да қарастырып жатырмыз.

Қыс маусымына коммуналдық қызметтен бөлек апаттар медицинасы, «Қазселденқорғау», өрт сөндіру және авариялық құтқару мекемелері де дайын. Көшелерді мұздан арылту үшін себілетін инертті материалдар қорын толықтыру ісі әлі да жалғасуда. Бүгінге дейін қоймаларға 31 мың текше метр құм мен 7 мың тоннаға жуық тұз жеткізілген.

 Әбілқайыр Оңғар, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Былтыр Шымкент қаласы бойынша 2 мердігер мекеме қызмет атқарса, биыл тазалыққа 5 мердігер мекеме қызмет атқарады. Әр ауданның өзінің жеке жеке базасы бар. Жеке мердігері және адамдары болады.

Қыс түссе орталықпен барыс келісі баяулап қалатын шалғай аумақтардың тұрғындары биыл бұл қиындықтан құтылатын болды. Шағын аудандарға арнайы техника мен қажетті материалдар жеткізілген. Қысқа дайындық барысын көріп шыққан қала әкімі қажет болған кезде аяқ жолдарды қардан тазартуға қосымша жұмыс күшін тартуды және жүргіншілер жолында жүріп тұруға икемді техникаларды көбейтуді тапсырды.

Ғани Қалмаханов


Шымкент Оңтүстік Қазақстан облысы

Хабарламаларға жазылу