Отандық өндіріс қорғансыз қалды – кәсіпкерлер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық өндіріс қорғансыз қалды – кәсіпкерлер

16.11.2023

Ата кәсіппен айналысатын шаруалар «ет саудасы тоқтап тұр, мал өтпей жатыр» десе, жеңіл өнеркәсіп өкілдері «отандық өндіріс қорғансыз қалды» дейді. Бүгін Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен кәсіпкерлер мен атқарушы билік өкілдері кездесті. Тағы қандай мәселелер қозғалды? 

Микрофон алдында ұзын кезек. Бұл күнді кәсіпкерлер бір жыл, бәлкім одан да ұзақ күтті. Сабыр басылмай, шу да шығып жатыр. Себебі әр адам өз кәсібін қорғап, мәселесін шешіп кеткісі келеді. Билік өкілдері кейде жауапты бір жамап, бірде нақты айтып жатыр. Мысалы, Қайырлы Қасенов ата кәсіппен айналысады. Абай облысындағы Ақсуат ауылы тұрғындарының аманатын арқалап келген. Қорада мал бар, бірақ, сататын жер жоқ, дейді.

Қайырлы Қасенов, Абай облысының тұрғыны:

Астанаға 300 бас бір-ақ келетін болса, ол малды сойса, ешқайда өтпей қалады. Қазір арнайы ет өткізетін жер жоқ, ешкім алып жатқан жоқ. Экспортты ашса, малды тірідей Қытай Халық Республикасына кіргізсе, ауылдың жағдайы жақсарар еді.

Талғат Ысқақов болса, Шымкенттегі кілем-тоқыма фабрикасының директоры. 500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 5 млн шаршы метрден аса кілем өндімдерін ішкі нарыққа 25 пайызын экспортқа жібереді. Бірақ қазір импортпен күрес күнен күнге қиындап барады, дейді.

Талғат Ысқақов, фабрика директоры:

Бізде осында өндіріс жасағаннан дайын өнімді шетелден алып келген анағұрлым жеңіл, тиімді біздің заңнамаға қарасақ. Өйткені біздің ішкі нарық қорғалмайды. Біздің елімізде шетелден келетін дайын өнімдерге кедендік баж салықтары өте төмен.

Талғат Ысқақов пен Президенттің пікірі де үндлеседі. Себебі, Жолдауда «экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» делінген болатын. Хош, бизнес пен билік бетпе-бет кездескен жиында жалқының да жалпының да мәселесі көтерілді. Барлығына ортақ уайым да бар. Ол – биліктің қосымша құн салығын 12-ден 16 пайызға көтеру ұсынысы.

Тимур Нақыпбеков, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Кәсіпкерлер мұндай көтерулерді, әрине, қолдамайды. Өйткені, бірінші инфляцияға, екінші халық тұтынатын тауардың бағасының көтерілуіне алып келуі мүмкін деген үрей. Қазіргі таңда  «Атамекеннің », бизнестің пікірі біркелкі – қазір салықты әзірге көтеруге қажеті жоқ.

Күректеп ақша табу үшін шелектеп тер төгу керек. Бүгінгі заманның бұл формуласын бизнес өкілдері жақсы біледі. Еселеп еңбек етуге де дайын. Тек «кәсіпке көлденең келетін кедергілер жойылып, билік деміктірмей, демесе» дейді.

Хабарламаларға жазылу