Ақтауда қандала уынан қайтыс болған екі баланың өліміне кінәлі тұрғын бостандықта жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда қандала уынан қайтыс болған екі баланың өліміне кінәлі тұрғын бостандықта жүр

14.11.2023

Ақтауда қандаланың уынан 2 бірдей баласынан айрылған тұрғын кінәлі тараптың әлі бостандықта жүргеніне наразы. Қайғыдан қан жұтқан әкенің айтуынша, тергеу амалдары өте баяу жүріп жатыр.

Қайғылы оқиға 23 қазан күні болды. Көпқабатты үйдің тұрғындарының бірі пәтерін өз бетінше қандалаға қарсы улап, жауып кеткен. Көршілерге мүлдем ескертпеген. Салдарынан, жоғарғы қабаттағы пәтердің тұрғындары түгелдей уланып қалды. Зардап шеккен отбасының 2 жарым жастағы және 10 айлық баласы қайтыс болды. Кәмелетке толмаған тағы 2 бала мен үш ересек адам аман қалды.

Жанболат Келмеденов, қала тұрғыны:

Қолымыздың жіпсіз байланып тұрғаны, удың құрамын анықтай алмай отыр. Бірақ шамамен біліп тұр. Бірақ сонда да медицина жағынан қорытынды керек дейді. Ол кісі бостандықта жүр әлі. Сол ғой менің айтайын дегенім. Әділдік қайда? 23-күні мен балаларымды жерлеп келдім. Ол кісі әлі үйінде дейді. Неге қамалмайды? 

Ақтау қалалық полиция басқармасының мәліметінше, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі жалғасуда. Сараптамалардың қорытындысы шықпаған. Кінәлі тұлғаға қатысты бұлтартпау шарасын тағайындау сараптаманың нәтижесіне байланысты, сотта қаралады.


Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу