Оралда Сібір жарасының ошағы тұрғын үйге тиіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда Сібір жарасының ошағы тұрғын үйге тиіп тұр

13.11.2023

Оралда сібір жарасынан өлген малдың ошағы тұрғын үйдің дәл іргесінде тұр. Тағы бір мал қорымы тәлімбақтың аумағына еніп кеткен. Тұрғындарға қауіп бар ма? 

Деркөл кентінің қақ ортасында сібір жарасынан ауырып өлген мал қорымы орналасқан. Бұл 1977 жылы белгі екен. Бірақ жазуы мен қоршауы жаңарған. Осыған 15 метр жерде тұрғын үй тиіп тұр. Ал талап бойынша 1000 метр аумаққа дейін ешқандай құрылыс салынбауы керек.

Қорымға таяқ тастам жердегі үйдің есігін қағып едік, ешкім ашпады. Ал бұған небәрі 80 метр аумақта Деркөл кентінің әкімдігі орналасқан. Ал қаладағы тағы бір мал көметін орын тәлімбақтың аумағына еніп кеткен. Не дербес қоршауы да, не ескерту жазуы жоқ. Облыста Сібір жарасынан өлген мал көмілген 222 қорым бар. Солардың 117-сінде талап бұзылған.

Әсет Сәлімов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басқарма басшысының орынбасары:

2017 жылдан бері 222 мал қорымын қоршап, күтіп ұстауға бюджеттен бір тиын да бөлінбеген. Олардың басым бөлігі санитариялық-ветеринарлық талаптарға сәйкес келмейді және қарабайыр құрылыстар екені анықталды.

Сібір жарасы тіркелген мал қорымы I дәрежелі қауіпті нысанға жатады. Десе де, ветеринар мамандар қоғамға қауіп жоқ деген пікір білдірді.

Берік Ералиев, облыстық Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

Адамдарға ешқандай қауіп жоқ. Тек қана қазу жұмыстарын өткізбеу керек. Қаражат бөлінбегені рас. Бірақ аудан әкімдіктері шаруашылықтармен бірге қазір жөндеп жатыр.

Қадағалау органының тексерісінен кейін ветбасқарманың жауапты тұлғасы мен Бөрлі, Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарындағы ветстанса басшыларына айыппұл салынды. Тағы бес аудан әкіміне ескерту берілді. Аурудың алдын алмаса, қауіпті індет қайта таралып кетуі мүмкін деп алаңдайды мамандар.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу