Қазақ-үнді қарулы күштері лаңкестерге тойтарыс берді. Құрлық әскері мен әуе десанттарынан құралған сарбаздар таулы аймақта жұмыла әрекет етіп, жаудың бетін қайтарды. Бұл Жамбыл облысындағы «Мәтібұлақ» әскери полигонында өткен оқу-жаттығу жұмыстарының сценарийі. Қос ел әскерінің әлеуеті қандай? Жиынды өткізудегі мақсат не?
Таулы аймақта жаудың жасырынған жерін табудың ең тиімді тәсілі – әуеден бақылау жүргізу. Ол үшін арнайы тікұшақтар мен пилотсыз дрондар қолданылады. Қазақстанда да, Үндістанда да тау көп. Сондықтан екі елдің жауынгерлері тәжірибе алмасып, әскери тактикаларын бірге пысықтасады.
Маниш Пант, Қазақстандағы Үнді контингентінің командирі:
Біз екі рота жасақтадық. Оның құрамына екі елдің құрлық әскері мен әуе десантының сарбаздары кірді. Ал оларға арнайы штаб тапсырма беріп отырды. Оқу-жаттығу барысында Қазақстан әскерінің дайындығы жоғары деңгейде екенін аңғардық.
Жамбыл облысындағы «Мәтібұлақ» әскери полигонында өткен оқу-жаттығу жиынана екі жақтан 120 жауынгер қатысты. Жоспар бойынша оларға таулы аймақта бас сауғалаған террористік топтың жасырынған жерін анықтап, көзін жою тапсырылды. Құрлық әскері мен әуе десанты өзіне тапсырылған міндетті мүлтіксіз орындады.
Бауыржан Күреңкеев, ҚР ҚК «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары:
Оқу-жаттығудың кезінде біздің әскерлер тау шатқалында қалай қимылдау әдістерін үйренді. Екіншіден, үндістердің қалай қимылдайтынын үйренді. Олардың тактикасынан біз өзімізге керектісін аламыз. Және біз таулы жерде қалай жүру керек, қалай көмек көрсету керек, қалай қару-жарақпен қимылдау керек екенін көрсете алдық.
БҰҰ-ның ұзақ мерзімді миссиясы аясындағы оқу-жаттығу жиыны осымен 5 рет ұйымдастырылды. Үндістан қарулы күштерінің әлеуеті жағынан әлемдік держава саналады. Сондықтан олармен осындай шараларды бірлесіп өткізу Қазақстан әскеріне тиімді. Келесі оқу-жаттығу Үндістанда болады.