Сарапшы Путин сапары туралы: Қазақстан Ресей үшін әлемге бір терезе болып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшы Путин сапары туралы: Қазақстан Ресей үшін әлемге бір терезе болып тұр

12.11.2023

Қазақстан Жайықтың жағдайын жақсартқысы келеді. Бірақ өзеннің бастауы біздің қолда емес. Демек көршімен келісу керек. Ал Ақорда дәл осы мәселенің өзекті екеніне ресми Мәскеудің көзін жеткізген сыңайлы.

Алдымен трансшекаралық өзендер мәселесін реттеу қажет екенін Ресей президенті Владимир Путин айтты. Қазақстандық басылымға берген сұхбатында атап өтті. Одан соң Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесімен кездесуде тағы еске салды.

Бұл Ресей басшысының Астанаға ресми сапарында талқыланған көп мәселенің бірі ғана. Ал сапар Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына орайластырылғандықтан, экономикалық байланыстарға басымдық беріледі деп болжанған еді. Келіссөздерден соң қол қойылған құжаттарға қарағанда солай болды да.

Дегенмен саяси қарым-қатынастың нәзік тұстары да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтар мен мүдделер теңдей ескерілген ынтымақтастық туралы бірнеше рет қайталады. Әрі екі елдің дербес шешім қабылдауға ерікті екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі ел даму жолдарын өз бетінше әрі дербес таңдауы қос тарапқа кедергі келтірмейді, керісінше, бұл тең құқылы және өзара тиімді әріптестіктің пайдалы жағын еселей түседі. Мұны Қазақстанда да, Ресейде де жақсы түсінеді.

Бұл сөзді Президенттің кейінгі уақыттағы шетелдік әріптестерімен өткізген келіссөздерінің контексінде қарастырсақ, «біз үшінші тараппен қандай ынтымақтастық орнататынымызды өзіміз шешеміз» деген месседжді емеуріндеді деп топшылауға болады.

Себебі Ресей ақпарат құралдарында «Қазақстан Батысқа бет бұра бастады» немесе «Қазақстандағы Қытайдың ықпалы арта бастады» деген сарындағы нарратив көбейіп кеткен еді. Ал Президент Қазақстанның өзге ойыншылармен байланысы Ресейдің өзіне де тиімді болатынын анық жеткізіп отыр.

Жанат Момынқұлов, халықаралық шолушы:

Соңғы екі айдың ішінде Қ.Тоқаев АҚШ-тың, Германияның, Францияның, Түркияның және басқа да ірі мемлекеттердің президенттерімен кездесті. Сол кездесулерден кейін Қазақстан өзінің дипломатиялық белсенділігін арттырумен бірге жаңа бір профайлмен, жаңа бір деңгеймен келіп отыр. Бірақ осы тұста Ресеймен қарым-қатынастардың айрықша екенін айтуымыз керек. Және көбінесе екіжақты тиімді байланыстарға назар аударылатын сияқты.

Ресей билігінің өзі де санкциялар құрсауында қалғалы Шығысқа қарай бұрыла бастағанын байқауға болады. Қазақстанға келер алдында Путин Ресей қоғамдық палатасы мүшелерімен кездесуде Александр Невский заманын еске алып, Алтын Орда мен Батыстың басқыншылығын салыстырған.

Владимир Путин, РФ президенті:

Александр Невский Ордаға барып, хан алдында бас иіп, кінәздік билік етуге жарлық алып отырды. Батыстың басқыншылығына тиімді төтеп беру үшін. Себебі ордалықтар озбыр, қатігез болса да, ең басты құндылықтарға, яғни орыс тіліне, дәстүріне, мәдениетіне қол сұққан жоқ. А.Невский осы таңдауы арқылы орыс халқын сақтап қалуды ғана ойлады. Қазір де осыған ұқсас үрдіс жүріп жатыр.

Путин Украинадағы соғысты және Шығысқа, яғни Азияға қарай бетбұрысын осылайша тарихи параллельмен түсіндіргісі келгендей. Ал өз ұлттық мәдениеті мен тілін қорғағысы келетін мемлекет, серіктестерінің де сол құндылықтарын құрметтеуі керек емес пе?!

Ресейлік саяси шолушы Аркадий Дубнов Путиннің Астанаға сапарында Ресейге достас саналатын посткеңестік елдерде бұрын-соңды болмаған жағдайға мән береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздерден соң ақпарат құралдары үшін өткізген брифингідегі сөзін қазақша бастаған. Сол сәтте Ресей делегациясы абдырап, синхронды аударманы тыңдау үшін құлаққап іздеп кеткенін осы видеодан байқауға болады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев өзін аудармамен тыңдауға мәжбүрледі. Бұл асыра бағалауға келмейтін ишара. ТМД-да Орыс тілін оқыту бойынша ұйым құруға бастамашы болған Қазақстан Президенті өз елінде тіл саясаты дербес жүргізілетінін, яғни орыс тіліне құрмет көрсетіліп, қазақ тілін дамыту – басты бағыт болып қала беретінін аңғартты. Кремльге мұнымен санасуға тура келеді», - деп жазды Аркадий Дубнов Telegram-дағы арнасында.

Президент Қ.Тоқаев достық, сенім мен тату көршілік қарым-қатынастың мызғымас құндылықтарын сақтап қалуды да сөз етті. Бейбіт байланысқа бейілділікті дипломатия тілімен жеткізгені ме?

Президенттер тағы не айтты? Путин сапарының түпкі мақсаты не? Данияр Қайыртайдың материалында.

Ресей басшысы Астанаға таң ата келген. Бірақ Ақордадағы кездесу түстен кейін бір-ақ басталды.

Путин, негізі, Қостанайда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумын желеу етіп келген. Президенттер бұл жиынға бейнебайланыс арқылы қатысты. Форум ауыл шаруашылығы тақырыбына арналды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл диалог алаңы екіжақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға сеп болды, деді Мемлекет басшысы. Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы 27 млрд долларға жеткен. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Дәл осы статистика, Ресей мәліметі бойынша, бұдан да көбірек болып шықты. Путин екіжақты тауар айналымы былтыр 10 пайыз өсіп, 28 млрд доллардан асқанын айтты. Биылғы 8 айдың өзінде тағы 7 пайыз өскен. Инвестиция көлемі бойынша да цифрларда сәл айырмашылық бар. Біздің дерек бойынша, көрші елден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан артық. Ал олардың есебінде портфель – 17 млрд доллардың айналасында.

Жанат Момынқұлов, халықаралық шолушы:

2019 жылы Қазақстандағы бүкіл компаниялардың 8-9 мыңы ғана ресейлік болса, қазір 19 мыңға жетіп отыр. Яғни, Украинадағы жағдайға байланысты Ресейдің технологиялық экономикалық күш-қуатының біразы Қазақстанға келіп отыр.

Тараптар форумдағы сөзінде Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау ісін жоғары бағалады. «Бұл жоба Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда шешуші рөл атқарады», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Бастапқыда «газ одағы» деп сипатталған жаңа бағдарды үш ел басшысы өткен айда Мәскеуде іске қосқан еді.

Сейілбек Мұсатаев, саясаттанушы:

Сонымен қатар, біздің солтүстік және шығыс аймақтарымызға Ресей газы келетін түрі бар. Осының ауқымында. Бұл миллиардтаған долларлық жобалар.

Мемлекет басшысы форум аясында елдердің «азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тең құқылы және бір-бірінің мүддесі ескерілген жаңа тәсілдер әзірленетініне» сенім білдірді. Әрі бірқатар мәселе көтерді. Мәселен, өнім сақтау қоймаларын көбейту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналуға тиіс деді. Әйтпесе, қазір екі ел шығаратын агроөнімнің 40 пайызы ысырап болып жатқан көрінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан климаттық бақылау жүйесі бар өнім сақтау қоймаларының сыйымдылығын 1 миллион тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс елдері сияқты өнім өткізу нарықтарының азық-түлікке сұранысы ұлғая түскенін ескерсек, «Солтүстік – Оңүстік» көлік дәлізінің де рөлі күшейеді.

Мемлекет басшысы минералдық тыңайтқыштар нарығындағы тапшылық проблемаға айналғанын айтты. Ресей осы өнімді экспорттау бойынша әлемде көш бастап тұр. Қазақстанда да Ресей тыңайтқыштарының импорты артқан. Ал мұның салдары отандық кәсіпорындарға тиіп отыр деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелеспеуіміз керек. Біз бірлесе отырып, фермерлерімізге тыңайтқыштарды қол жетімді ету және сыртқы нарықтарға шығу жолдарын іздестіруіміз қажет.

Келешекте Қазақстанда су ресурсы тапшы болады. Мәселені суды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы саласы ушықтырып тұр. «Тығырықтан шығу үшін Ресеймен бірлесіп, Жайық пен Ертіс секілді трансшекаралық өзендерді зерттеу ісін ширату керек», - деді Мемлекет басшысы. Мұнда да «мүдделер теңгерімін сақтауды» ескертті.

Әйтсе де бұл форум Путин сапарына себеп қана болған сыңайлы. Пленарлық отырыс 1 сағатқа жетер-жетпес уақытта аяқталды. Ал түрлі форматтағы екіжақты келіссөздер, шамамен, 5 сағатқа созылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Путин сапарын «саяси және тіпті, тарихи мәні зор» деп бағалады. Себебі ол екі ел арасындағы «ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы» шарттың 10 жылдығы қарсаңында келіп отыр. Бұл құжат – екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық негізі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ғасырлар бойы бір-бірімен қоңсылас өмір сүрген ата-бабаларымыз достық, сенім мен тату көршілік қарым-қатынастың мызғымас құндылықтарын бізге аманат етті. Біз бұл құндылықтарды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Ресей мен Қазақстан – жай ғана емес, ең жақын одақтастар. Мұндай қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы қалыптасты. Халықтарымыздың игілігіне қалтқысыз қызмет ететін байланыстарымызды нығайту дәстүрін жалғастырып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқым келеді.

Путин екі елді «ең жақын одақтастар» деп тегін айтқан жоқ. Біз сұхбаттасқан сарапшы кейінгі жылдары экономикалық байланыс, тіпті, тереңдей түскеніне мән берді.

Жанат Момынқұлов, халықаралық шолушы:

Ресейдің логистикалық мүмкіндіктері Батысқа қарай жабылып қалды да, енді олар Шығысқа қарай бетбұрыс жасап, Қытайға, бәлкім алдағы келешекте Үндістанға, басқа да аймақтарға шыққысы келеді. Ол тек қана ОА арқылы болмақ және бірінші кезекте Қазақстан арқылы. Яғни, Қазақстан Ресей үшін әлемге бір терезе болып тұр.

Екі ел банктері арасындағы төлемдерді ұйымдастыру мәселесі талқыланатынын келіссөз алдында Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысынан білдік. Былтырдан бері 65 Ресей банкі Қазақстан қаржы ұйымдарында 205 байланыстырушы шот ашып қойған. Ал біздікілер ресейлік банктерде 137 шот ашыпты. Бұл өзара ақша аударымы мен төлемдерді жеңілдету үшін қажет.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы:

Ең бірінші, санкцияға түспеген банктермен біздің қазақстандық банктер қарым-қатынасты ұлғайтып жатыр. Төлемдер жасау бойынша біз бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз.

Келіссөздерден кейін Президенттер қос тараптың алдағы екі жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітті. Ал делегация мүшелері 5 құжатқа қол қойды. Оның ішінде Көкшетау, Семей мен Өскеменде жылу электр орталықтарын салу бойынша меморандум бар.

Айналып келгенде, Қазақстанның әлемдік державалармен түрлі саладағы тиімді қарым-қатынасы – экономикалық қажеттілік қана емес, сыртқы саясатта ұстанған позицияның да талабы.

Сейілбек Мұсатаев, саясаттанушы:

Қазақстан сыртқы саясатта көпвекторлы ұстанымын жалғастырып жатыр. Прагматикалық бейтараптықты іске асырып, бізді қоршаған әлеммен, көршілес елдермен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға күш салып жатырмыз.

Бірақ кейде ірі саяси ойыншылар өзімшіл болып кететіні де бар. Мемлекет басшысының «құқық теңдігі», «мүдделер балансы», «дербестік» туралы қайталай бергені де содан болар.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу