Әлеуметтік желінің әлеуеті мен әлегі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік желінің әлеуеті мен әлегі

12.11.2023

Қоғамда резонанс тудырған оқиғалар әлеуметтік желілерде қызу талқыланатыны қалыпты жағдайға айналған. Бірақ бұл жерде алаңдатып отырғаны: он мыңдаған, жүз мыңдаған оқырманы бар блогерлердің жауапкершілікті сезінбеуі. «Бишімбаев кейсі» соған дәлел.

Желі қолданушылары марқұм Салтанат Нүкенованың фотоларын жариялап қана қоймай, оқиға бойынша ақпарат жариялай бастады. Ақ-қарасы анықталмаған, ресми органдар растамаған мәліметті таратқаны аздай, бұрынғы министрдің «жақсы адам болғанын» жазып, ақтап алғысы келгендер де табылды.

Иә, Бишімбаев әзірге тек күдікті. Оған үкім кесуге соттан өзгенің хақы жоқ. Бірақ құрбанды қаралауға талпыну, тіпті, өліміне өзін кінәлі етіп көрсету, қай жағынан алып қарасақ та, жауыздық емес пе?!

Мұндай қадамға барып, желіде Бишімбаевты жақтағандай пост қалдырғандарды бүгін бірнеше журналист сынға алды. Солардың бірі Молдияр Ергебектің жазбасынан үзінді келтірейік: «Журналистер, блогерлер, влогерлер мен жалпы медиа өндіруші- тұтынушылардың назарына! Фемицид оқиғаларында өлтірілген әйел мен кісі өлтіруші күйеудің «бақытты шақтарындағы» фото-видеоларын бөлісу - этикалық проблема. Бұл бақытты шақ бейнелері оқиғаның ауырлығын ұмыттырып, қылмыскердің қылмысының жеңіл көрінуіне әсер етуі мүмкін».

Мұны «манипуляция» дейді. Қандайда бір оқиға, мәселе бойынша қоғамның пікіріне әсер ету. Қазақстанның медиа кеңістігінде блогерлердің ықпалы күшейіп келе жатқаны байқалады.

Олар ақпарат таратып қана қоймай, ақылы негізде жазба қалдырып, кейде белгілі бір топтың сөзін сөйлейтіні де жасырын емес. Тіпті, интернетке телмірген жұрттың сеніміне кіріп, қаржы пирамидасын құруға атсалысқан блогерлер де болды.

Олардың ішінде бірқатары істі болды. Қайрымдылық шараларын өткізіп, одан түскен қаржының біршамасын қызмет ақысы ретінде алатын блогерлер де бар. Салық төлеуге асықпайтындар да көп. Сондықтан олардың жарнамалық әрі кәсіпкерлік қызметін реттеу үшін осы жазда «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заң қабылданған.

Блогерлердің құқықтары мен міндеттерін белгілеу үшін «инфлюенсер» ұғымы енгізілді. Инфлюенсер деп көпшілікке сөзі өтімді, қоғамдық пікірге ықпалы бар адамды атайды. Біздің бұқара да, тіпті билік өкілдері де кейде сондай тұлғалардың ырқына жығылып жататыны байқалады. Мұндай үрдіс неге белең алып кетті?

Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік тұтастық үшін несімен қауіпті? Тілшіміз Данияр Қайыртай мысалдармен түсіндіріп көреді.

Данияр Қайыртай, тілші:

2010 жыл. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде «Араб көктемі» аталып кеткен жаппай нарызылық шерулері өтеді. Көтерілісті үйлестіруге әлеуметтік желінің ықпалы зор болғандықтан, кейбір сарапшылар бұл толқуды «Facebook революциясы» деп сипаттайды.

2020 жылы Беларусияда сайлау қорытындысын жоққа шығарудан басталған қарсылық акциялары жалпыұлттық деңгейге өтеді. Шеруге белсенділер Telegram-арналар арқылы жетекшілік еткендіктен, бұл оқиға «Telegram революциясы» деген атқа ие болды.

Сол сияқты 2021 жылы сайлаудан жеңілген Трамтың жақтастары Капитолийді басып алып, ойран салады. Бұл митингіні де Дональд Трамп өзінің Twitter-дегі парақшасы арқылы басқарып отырады. Сол үшін оның аккаунты бұғатталғаны да белгілі.

Кейінгі жылдары Қазақстанда да әлеуметтік желілер соншалықты пәрменді құралға айналмаса да, саясиланып кеткені байқалады.

Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:

Жоғары биліктегі персона ауысып, оның жаңа саясаты, жаңа ұраны бар. Осының бәрі әлеуметтік белсенділік, оның ар жағында саяси белсенділікке әкелетіні сөзсіз. Ал техника, технология даму нәтижесінде сол белсенділік виртуалды әлемге кетіп қалды. Ал ол жерде белсенді болу, пікір айту, біреудің пікіріне қарсы шығу, өз уәжіңді айту деген – норма.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл тенденцияның бастауын әріден іздейтіндер де бар. Мәселен, әлеуметтік желілердегі үрдістерді зерттеуші Мадияр Сауытбаев осыдан он жыл бұрын сол кездегі Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ақпараттық саясатты жетілдіру үшін блогерлер пулын жасақтағанын айтады. «Тәжин тізімі» аталып кеткен топ қоғамдық пікір қалыптастыруға тартылды дейді.

Мадияр Сауытбаев, SDU University Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, әлеуметтік желілерді зерттеуші:

Сол кезде танымал болып шыға бастаған, интернет кеңістігінде әртүрлі платформаларда, мысалы, Facebook, Twitter сияқты платформаларда жиі аты естіле бастаған кісілердің тізімін алып, солармен жұмыс жасауды ұсынған болатын. Бүгінде де мемлекеттің көптеген саясаты осы блогерлер мен фрилансерлермен жүзеге асып жатқанын көруге болады.

Келе-келе Kaznet-тің пәрменділігі үдей түсті. Олар мемлекеттік ақпараттық саясатқа араласумен шектеліп қалған жоқ. Әлеуметтік желідегі белсенділер әкімдердің шешімдерін өзгертіп, министрлерге сөзі өтімді күшке айнала бастады.

Алмас Тоқабаев, PR маманы, блогер:

Биліктен Алматының белсенділері, курорт саламыз деді ғой тауда, Көкжайлауды тартып алды. Кәдімгідей екі жыл соғысты. Эколог, блогерлер мен әкімдік. Аналар қонақүй саламыз деді, мыналар салмайсыңдар деді. Сонымен қоғамдық пікір жеңіп шықты. Тура солай Бозжыра. Бозжырада қонақүй саламыз дегенде әлеуметтік желіде үлкен шу көтерді. Талдыкөл де, мысалы.

Сол сияқты былтыр блогерлер біржынысты қарым-қатынасты насихаттайтын көріністер барын алға тартып, «Базз Лайтер» мультфильмін кинотеатрларда көрсетуге қарсы шығады. Қоғам талабын ескердік деген сол кездегі Мәдениет министрі Дәурен Абаев аталмыш анимациялық фильм Қазақстанда прокатқа шығарылмайтынын жариялайды. Осындай кейстер блогерлерге «қоғам пікірінің көшбасшылары» деген бейресми мәртебе алып берді. Бәлкім, содан болар, ықпалын пайдаланып, жеке бас пайдасы үшін билік өкілдерін бопсалайтын блогерлер де шыға бастады.

Алмас Тоқабаев, PR маманы, блогер:

Әсіресе, өңірлерде ашық инфотерроризммен айналысатын блогерлер бар. Жап-жас балалар, 30-дың ар жақ-бер жағындағы, жұмыс істемейді. Бірақ мен сен жайлы бір пост жазсам негатив, бітті, мынаның бәрі тарайды дейді. Оның аудиториясы бар, себебі ол кезінде қаржыландыру арқылы жасалған. Бітті. Енді өзі өсірген блогерлерін, Үкімет өле өлгенше өзі асырап өтуге мәжбүр.

Кей кезде инфлюенсерлер аудиториясын жұмылдырып, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік тұтастыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін де аңдамайтын сияқты.

Мадияр Сауытбаев, SDU University Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы:

Бір блогер немесе инфлюенсер, белгілі бір адамдарды белгілі бір нәрсеге топтастыра алады немесе бөліп жібере алады. Сондай қаупі бар. 2014 жылы Ресей мен Украина арасында соғыс болды ғой, Қырымдағы. Сол кезде біздің солтүстік аймақтарды «Северный Казахстан земля Российская» деген бір сообществолар пайда болды, ВКонтакте-де және Facebook-та. Бұл сол идеямен ауырып жүрген адамдар болса, онда солардың басын біріктіріп жіберу ықтималдығы өте жоғары.

Данияр Қайыртай, тілші:

Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушы Алмас Тоқабаев та Facebook-тегі пабликтер, Telegram-дағы арналар мен жеке блогерлердің басым бөлігі қаламықаға белгілі бір мүдденің сойылын соғуға жұмыс істейтінін айтады.

Алмас Тоқабаев, PR маманы, блогер

Діни ағымдардың өз пул блогералары бар. Ұлтаралық араздықты қозғайтындар бар. Мысалы, Қазақстанда синофобияны қоздыру біздің солтүстік көршіміз үшін өте тиімді. Сол жақтан қаржыландырылатын тырнақшаның ішіндегі «ұлтшылдар» бар. Билік әлеуметтік желіде отыратын адам аз болғанымен, олар негізгі ұйытқы, қарсылықтың ядросы болады деп қорқады. Шын мәнінде, олай ма? Олай емес!

Саясаттанушы Ермек Тоқтаров бұл құбылысты әлемде қалыптасқан жаңа норма дейді. Сондықтан біздің қоғам да сол үрдісті қабылдауа мәжбүр.

Ермек Тоқтаров, ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:

Жария саясат деп айтамыз. Паблик полиси. Сондықтан бір шешім бойынша әртүрлі стейкхолдерлер бар. Ақпараттық салада түрлі механизмдерді қолданып, әр стейкхолдер немесе әр субъект ең соңғы шешімге әсер етуге ынталанады. Олар сол үшін түрлі ресурстарды қолданады. Бұл шындық. Бұл бүкіл әлемде болып жатқан үдеріс.

Рамазан Саттарұлы, әлеуметтанушы:

Қоғамда біркелкі пікір ешқашан да болмайды. Әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың, жеке тұлғалардың мүдделері әртүрлі болғаннан кейін поляризация әрқашан да болады. Әлеуметтік желілер бұрыннан бар поляризацияны одан әрмен айқындай бастады, текетірестің, бір-біріне қарсылас позицияларын көбейте бастады.

Бірақ билік қарап отырмауы керек дейді мамандар. Әсіресе, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік тұтастыққа қауіп төнгенде сол топтардың өз құралымен төтеп беріп отыру қажетігін айады.

Мадияр Сауытбаев, SDU University құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы:

Әрине, этикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, ол дұрыс емес, бірақ мемлекеттік тұтастық тұрғысынан қарайтын болсақ, онда сондай бір агрессивті, адамның психологиясына кері әсер ететін, фанатизмді тудыратын кейбір идеяларға қарсы белгілі бір дәрежеде мемлекеттік арналар ақпаратты беріп, таратып отыруы керек.

Данияр Қайыртай, тілші

Бұл жерде блогер мен инфлюенсерлердің оқырмандарына медиа сауаттылықты меңгерген маңызды дейді сарапшылар. Кез келген жазбаны оқығаннан кейін «Бұл кімге тиімді?» деген сұрақ төңірегінде ойланып көруді ұсынады.

Әлеуметтік желі біздің елде жаңа медиа ретінде, сөзсіз, мойындалған сыңайлы. Оның қоғамдық пікірге әсеріне тосқауыл қойылып жатпағаны да сондықтан шығар. Демек, бұл кімге тиімді?

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу