Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим күшіне енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим күшіне енді

10.11.2023

Енді Қазақстан мен Қытай арасында алыс-беріс, барыс-келіс жеңілдейді. Биыл 17-ші мамырда Қытайдың Сиань қаласында екі ел үкіметі визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге келген болатын. Сол құжат бүгін заңды күшіне енді.. Мұндай өзгерістің бізге пайдасы қандай? Көрші елге сапарлаймын деп жүрген азаматтар нені білуі тиіс? Тілші тарқатып көреді.

Гүлбаран Әбдіжапарқызы – зейнеткер. Қазақстанға 2006 жылы Қытайдан отбасымен көшіп келген. 2016 жылы азаматтық алды. Бірақ он жылдан бері Қытайда қалған туыс-туғанына бара алмай жүр. Негізгі мәселе – виза қолжетімсіз еді.

Гүлбаран Әбдіжапарқызы, зейнеткер:

Бізге өте қиын болған виза мәселесі. Жалғыз бізге емес, барлық Қытайдан келген қандастарымыз бара алмай, бір семья екіге бөлініп, бірінің баласы, бірінің әкесі, бірінің шешесі деген сияқты. Сол жағдайлардың бәрі де өткінші, өтіп кетті. Бұдан былай қарай жақсы болсын, сол қиыншылықтардан құтылғанымызға қуанамыз.

Қандастар ғана қуанып жатқан жоқ. Бұл сан түрлі салаға серпін беретін оң өзгеріс болып тұр. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс, сауда-саттық және туризм одан әрі дами түспек. Көрші елден тауар тасып жүрген мыңдаған кәсіпкер үшін де бүгінгі жаңалық - үлкен олжа. Мысалға, Жәнібек Нағибатұлы талай жыл Қытайдан жиһаз бөлшектерін әкеліп жүр. Саудасы бұған дейін де тәуір еді, енді одан әрі еселенеді деген ниетте.

Жәнібек Нағибатұлы, кәсіпкер:

Осыны көптен күттік біз. Бізге тиімді, қолайлы. Өйткені біз қаншама жылдан бері Қытаймен жұмыс жасаймыз. Барып келуіміз, визамыз кейде қиындап қалады. Визасыз болғаны бізге қолайлы, бизнесімізді дамытуға өте ыңғайлы деп өзім ойлаймын.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, енді екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ, іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Азаматтардың екі мемлекеттің аумағында болу мерзімі мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап 30 күнтізбелік күннен, ал 180 күнтізбелік күн ішінде жиынтық 90 күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Бастысы енді қағазбастылық пен делдал жоғалады.

Ербол Тәлекенов, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры:

Бұрын ең кемінде 1-2 ай уақыт кететін еді. Оған мемлекетке 250 мың теңге ақша төленетін еді. Соған қарамай делдалдар 352-400 мың теңгеге виза алып беру жұмыстарын жүргізген. Енді виза жоқ, ешқандай шығын жоқ, сондықтан тауар өз құнымен сатылатын болады деген жоспарымыз болған және ол осыған келіп тұр.
Бірақ визасыз режим мүлде талап жоқ деген сөз емес. Жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді. Сондай-ақ, Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына баруға қолданылмайды. Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет. Жалпы, Қазақстандықтар 34 елге визасыз шыға алады.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу