Жамбылдық ісмер келіншекке тігін машинасының даусы өмірге деген құштарлық сыйлайды. «Менің музыкам – менің мотивациям» деп түрлі бұйым тіккен Сабыркүл Сіргелбекова ауылда жүріп-ақ, аз уақытта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді. Ал бір қызығы, ол өмірдегі өз ісін, түсінде тапқан екен.
49 жастағы Сабыркүл Сіргелбекова 4 жыл бұрын қолына алғаш ине ұстайды. Икемге келген істі иегеріп әкетіп, ауылда отырып-ақ аймақты бағындырады. Меркілік тұрғын былтыр «Қазақстанның үздік тауары» атты көрмеде топ жарды. Ал тігіншілікті түсінде тауып, анасының аяны арқылы кәсіпке келеді.
Сабыркүл Сіргелбекова, тігінші:
Үшінші рет «Құрақ құра!» деп, анамның даусын естіген кезде мен бірден ойланбастан, «Мен құрақ құраймын!» деп бастадым. Ол кезде мынандай көрпеге қанша метр мата аламын, қанша, қалай есептеуді білмеймін. Бірақ соқыр көзбен бастап кеттім.
Бастаған ісі берекелі болып, бүгінде тапсырыс арқылы табыс тауып отыр. 4 жылда мыңнан астам көрпе, 3 мың жастық пен жапқыштар тіккен. Ал тігін машинасының даусын еңбекке жетелеуде мотивация беретін музыкаға балайды.
Сабыркүл Сіргелбекова, тігінші:
Басқа шаруалармен машина тікпей қалсам мен сағынамын сол дауысты. Тігін машинамның үні мені сондай бір сыңғырлаған үніменен әлдилеп, «сен сондай мықтысың, сен керемет шеберсің!» деп маған үн қосқандай әсер қалдырады. Сол кезде мен отыра қалып құрақ құраймын.
Ал Жамбылда 108 мың 642 шағын және орта бизнес өкілі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Былтыр бұл бағыттағы бизнес өкілдері 1 трлн теңгенің өнімін шығарған.
Тұрсынбек Ислам, облыстық кәсіпкерлік басқармасы бөлімінің бас маманы:
Тігін бағытынан осы облысымызда жоқ жаңа бір бағыт ойлап тапса, біздің 5 млн теңгенің грантына қатыса алады. Бір нәрсе соғамын десе, ол жерде жарық, газ, су тартып бере аламыз, бірақ ол жерде ол кісінің салған инвестициясы мол болу керек, сол ақшаның 50%-на инфрақұрылым жүргізіп бере аламыз.
Жаңа бағытқа бет бұруда біздің кейіпкер де қарап отырған жоқ. Ол «шын шебердің шығармашылық ауқымы бір іспен шектелмеу керек» дейді. Сондықтан кәсібін көркейту үшін алда ағаштан бұйымдар жасау жоспарында. Осы мақсатта «алюминий ағашы» аталып кеткен шетелдік Павловния дарақтарын ауласына жерсіндіріп үлгерген.
Данияр Әлімқұл