Қызылордада жасанды интеллект мектебі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада жасанды интеллект мектебі ашылды

06.11.2023

Қызылордада Сеул ғылым және технологиялар университетінің жасанды интеллект және жоғары математика мектебі ашылды. Бұл Президент Жолдауынан туындаған елімізде ғылымды дамытуға бағытталған негізгі басымдықтардың бірі.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің іргелі жоғары оқу орындарында жасанды интеллект саласына қажетті мамандар даярлауды, осы ілімді тереңінен зерттеуді баса назарға алуды міндеттеді. Міне, соның алғашқысы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде алғашқы орталық ашылды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Қорқыт Ата университетінің негізінде келер жылы толыққанды филиалы ашылатын болады. Корея Үкіметі қазіргі таңда 2,5 млн долларлық қаржылай көмегі бар серіктес ретінде кіріп жатыр. Оқытушылар жартылай сол Корея мемлекетінен келетін болады.

Аймақтағы іргелі оқу орны Оңтүстік Кореяның белді университетімен тығыз байланыс орнатып, жаңа орталық ең соңғы үлгідегі технологияларымен қамтылып отыр. Мұнда жасанды интеллект, ІТ және киберқауіпсіздік саласының мамандары даярланады. Және әрі қарай Сеул ғылым және технология университетінде білімін жетілдіруге мүмкіндік алады.

Джесу Ким, Сеул университетінің кванттық жасанды интеллект қауіпсіздігі орталығының директоры:

Алдағы уақытта Сеултех филиалы мен қос дипломды бағдарламасын ашу жоспарлануда. Соның нәтижесінде, түлектер Сеултехтің және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің дипломын ала алады. Бұл жасанды интеллект саласындағы бірегей кадрлардың даярлануына ықпал етеді.

Қазір әлемде жасанды интеллект ілімі түрлі өндірісте қолданыла бастады. Сондықтан бұл жаңашылдықты игеру аймақ үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу