Қазақстанда сүт безі обыры әйелдерде кездесетін қатерлі ісіктердің арасында 1-ші орында тұр. Жыл сайын мұндай диагнозбен 5 мың науқас тіркеледі. 1200-ге жуығы қайтыс болады. Дәрігерлер бұл дерттің пайда болуын шылым шегумен, кеш құрылған тұрмыспен байланыстырып отыр. Аида Ахметбек тақырыпты зерттеп көрді.
Жүзін жасыруды өтінген мына астаналық тұрғын аты жаман дертке шалдыққан. Кеуде тұсы ауырып, өзін әлсіз сезінген соң дәрігерге жүгініпті. Сүт безі обырының 2-ші сатысы анықталған. Қазір емделіп жүр. Ол аурудың күйзелістен туындағанын мойындап отыр.
Онкология саласында 40 жылға жуық тәжірибесі бар дәрігер Бақтыбай Оразбеков қауіпті дертке негізгі себеп, шылым шегу екенін айтады. Өйткені ағзаға сіңетін түтін гендік құрылымға әсер ететін көрінеді.
Бақтыбай Оразбеков, онколог, хирург:
Сүт безіне әкелетін ең бірінші себеп – шылым тарту деп ойлаймын. Сүт безінің қатерлі ісігі 2008-ден бері бірінші орында тұр. Ең бірінші белгісі түйінді формасы, қатты келген түйін байқалады. Немесе сүт безінде түзілім байқалады. Емшектің ұшынан қан шығуы мүмкін. Қабыршық жара пайда болуы мүмкін.
Тұрмысқа кеш шығу, түсік тастау да ана безі обырына әкеледі. Дәрігер Раушан Күмісбекова бес пациентінің екеуі тұрмыс құрмаған дейді. Бұдан бөлек бұл дерт тұқым қуалайды.
Раушан Күмісбекова, онколог-дәрігер:
Зерттеулерден қарасақ қазір көп әйел тумайды. Оқиды. Жұмыс істейді. Уақытында әйел адам босану керек. Баланы емізу керек. Меніңше, 30 жастан асқан әйелдер міндетті түрде барып тексерілу керек.
Аида Ахметбек, тілші:
Ресми дерекке сүйенсек, бұл дерттен жылына 13 мың науқас қайтыс болады. Мамандар олардың басым бөлігі тексерістен өтпеген, аурудың алғашқы белгілеріне мән бермегендер деп отыр. Ал скринингтен өту қатерлі дерттің қауіпін азайтады. Сондықтан скринингке баруды кейінге қалдырмаңыз.
Аида Ахметбек