Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жеткен

06.11.2023

Визасыз режим Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді. Шанхайға жұмыс сапары барысында ел Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қытай Халық Республикасының мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянмен кездесу өткізіп, онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Мәселен, өткен жылы екі ел арасында тауар айналымы 35 пайызға артып, рекордтық 24,2 млрд долларға жетті. Биыл да қарқынды өсім жалғасуда: өткен айларда өзара сауда айналымы тағы 21 пайызға өсті. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай ТОП–5 инвестор қатарына кіреді. Соңғы 18 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд долларға жетті.

Ли Цян, ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері:

Мемлекеттеріміздің басшылары қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың басым міндеттері мен бағыттарын белгіледі. Біз қазақстандық әріптестерімізбен осы жоғары деңгейдегі келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру үшін күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Мұндай ынтымақтастық біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу