Қаңлы дәуіріне тиесілі қалашық табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңлы дәуіріне тиесілі қалашық табылды

04.11.2023

Түркістан облысының Келес ауданында Қаңлы дәуіріне тиесілі ежелгі қалашықтың орны табылды. Келес өзені бойын алып жатқан аумақты археологтар VIII-IX ғасырларда өркениет ордасы болған дейді. Ал, Мыңтөбе қорымынан табылған дүниелерді теңдессіз құнды жәдігерге балап отыр. Қойнына сыр бүккен қала жайында өңірлік тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Келес өзенінің Сырдарияға құяр тұсындағы бұл аумақты жұрт Мыңтөбе қорымы деп атап кеткен. Себебі бұл жерде 600-ден аса қорым мен оба бар. Әлі күнге дейін зерттелмеген аумақтан археологтар ІІ-ІV ғасырға тиесілі жәдігерлерді тапты. Көне мұра қаңлы дәуіріне тиесілі. Ондағы обалардың ерекшелігі, жерлеу дәстүрі байырғы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын айқындауға мүмкіндік бермек.

Музаффар Гурсой, археолог:

Камераның ішіне 4-5-6 адам жерленіп жатады. Оның бұрышына сүйектер үйіліп жатады. Неге? Өйткені ол басқа кезде де қолданылғанын көрсетеді. Бір отбасында біреу қайтыс болғанда оны үйіп қояды дағыны, екіншісін жерлей береді.

Әсіресе мүрделермен бірге көмілген қыш ыдыстар мен садақ жебесінің басы Қаңлы дәуірі кезіндегі ежелгі діни наным-сенімдердің болғанын айғақтайды. Археологтар сондай- ақ, осы маңнан Күлтөбе қалашығының орнын тапты.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Археологтар көне қалашық табылған ең биік нүктені үлкен құрылыс нысаны болған деп болжап отыр. Себебі қазба барысында кесектен салынған қабырғалар анықталған. Ал осы жерден шыққан қыш ыдыстардың VIII-IX ғасырларға тиесілі екенін айтады.

Көне ыдыстар мен бұйымдардан бөлек бұл жерден адам сүйектері де шыққан.

Бақдәулет Сыздықов, археолог:

Ежелгі қалалар осындай биік төбелер ретінде сақталып қалғандықтан, кейінгі кезеңдегі осы өңірдегі маңайдағы тұрғындар қайтыс болған жандарын осы биік төбелерге жерлейтін болған. Себебі биік төбеге жерлеу себебі, адам аяғында қалмасын, болмаса су тасқыны кезінде су астында қалмасын деген мақсатта биік төбелерге жерлеп отырған.

1800 жылдан астам тарихы бар киелі нысанды зерттеу кезінде сол дәуірдің мәдениетін анықтауға баса мән берілмек. Ал орта ғасырға тиесілі Сығанақ қаласын археологтар Қыпшақ хандығы, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы мен Қазақ Хандығының орталығы болған шаһар, дейді. Қолөнер, мәдениет, ауыл шаруашылығы қатар дамығанға ұқсайды. Енді қаланың қанша жыл дәуірлеп тұрғанын анықтау керек. Қазір Шығыс қақпасы зерттеліп жатыр.

Көпжасар Жетібаев, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Енді заттай табылған жәдігерлерімізді Қызылорда облыстық мұражайына тапсырамыз. Алдыңғы жыл қазба жұмыстарын жүргізгенде әйел мүрдесінен бірнеше алтын сырға, самай сырға және сонымен бірге білезік, түймелер алтыннан жасалған, солардың барлығы табылған болатын.

Қазір Сығанақтың орынында құрылыс жұмыстары қызу. Мамандар жасаған макеттің арқасында қаланың қақпасы қалыпқа келтірілуде.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу