Еліміздегі ең көне кеме жөндеу зауыты жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі ең көне кеме жөндеу зауыты жабылуы мүмкін

03.11.2023

Еліміздегі ең көне кеме жөндеу зауыты жабылуы мүмкін. Павлодардағы кәсіпорынға жергілікті билік жағажайдағы аумақты үш ай ішінде босатындар, деп талап қойған. Жерглікті билік ол маңға заманауи мектеп салмақ. Тараптарды тыңдаған Болат Аманбаевтың бейнематериалы.

Павлодардағы кеме жөндеу зауыты 1911 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Бұнда жолаушы тасымалдайтын кемелер мен ірі транзиттік жүктерге арналған баржаларға қызмет көрсетіледі. Көрші Абай облысы мен Ресейдің жүк тасымалдаушы су көліктері де осында келеді.

Болат Аманбаев, тілші:

Мына баржаның салмағы 240 тонна. 1 мың тоннаға дейін жүк алып өте алады. Егер бұл кәсіпорын жабылатын болса бұндай алып тіркемелерді тек Ресейдің Омбы қаласына апарып жөндеуге болады.

Омбы бұл арадан 600 шақырым. Оның үстіне Ертістің таяздығы кемелерге кедергі келтіретіндіктен буксирлік қызмет аса қымбатқа түседі.

Николай Цепелев, Кеме жөндеу зауытының атқарушы директоры:

Бұл мемлекет үшін өте тиімсіз шешім. Біздің жерімізді мемлекет қажеттілігі үшін аламыз деп отыр. Онда кәсіпорынды көшіру үшін балама жер берулері керек. Ол құжатта көрсетілмеген. Және ондай жер Ертіс жағасында жоқ та. Оның үстіне бұл су қорғау аумағына кіріп тұр. Бұл жерде мектеп салу мүмкін емес, оқушыларға қауіпті.

Бір қызығы әкімдік жіберген хатта, 90 жылға жалға берілген екі гектар жерді 1200 орындық мектеп салу үшін үш айдың ішінде дереу босату керектігі айтылған. Ал құрылысқа тапсырыс беретін қалалық білім бөлімі бұдан хабарсыз.

Қуаныш Қыдыралин, Қалалық білім беру бөлімінің басшысы:

Қазіргі уақытта нақты мектептің қай жерде салынуы туралы ақпарат жоқ. Яғни, жобасы да жоқ. Әзірге құрастырылмаған. Бірақ мектеп тапшылығы бар. Нақты, тоқ етері осы жерде салынады деген әңгіме жоқ әлі.

Қаланың бас жоспарында бұл рекреационды аумақ деп көрсетілген. Экологиялық заңға сәйкес бұндай жерлерде капиталды құрылыс жүргізуге болмайды. Ал қалалық әкімдіктің өз уәжі бар.

Светлана Гладышева, қала әкімінің орынбасары:

Мектеп салуға жер іздеп жатырмыз. Аумағы 2 гектарлық үш учаскені белгіледік. Соның бірі кеме жөндеу зауытының жері. Қазір құрылыс жүргізуге жарамдылығы тексеріліп жатыр. Нақты аламыз деген шешім жоқ. Аумақты босату жөніндегі ескертпені ертерек беріп жіберіппіз. Оны мойындаймыз.

Әкімдік бір ғана кеме жөндеу зауыты емес, қаладағы оншақты кәсіпорының жерін қайтарып алу жөнінде ескерту хат жіберген. Жылдар бойғы кәсіпті тоқтату кімге тиімді деп шырылдаған орта және шағын бизнес өкілдері енді «Атамекен» Ұлттық палатасына жүгінбек.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу