Ақордада өткен қабылдаудан кейін екі елдің басшылары Қазақстан-Франция бизнес форумына қатысты. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев франциялық инвесторларды елімізге қаржы құюға шақырып, бұл іске Қазақстанның айрықша мән беретінін айтты. Әрі маңызды іс-шарада түрлі бизнес бастамалар қолға алынып, ірі инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Ол қандай құжаттар? Елімізге не береді? Досжан Маратұлы тарқатады.
Бизнес форумға екі елден 300-ден астам делегат қатысты. Көбі Францияның қалталы кәсіпкерлері. Жиынды ашқан президент оларды Қазақстанға инвестиция құйып, білесіп жұмыс істеуге француз тілінде шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есе арттыруды стратегиялық мақсат етіп отыр. Сондықтан ел экономикасына шетелден инвестиция тарту ісіне ерекше мән береді. Қазір біздің елге келген инвестиция көлемі Орталық Азиядағы басқа елдерге салынған жалпы инвестиция көлемінен асып түседі.
Қазір қазақ-француз арасындағы алыс беріс артып келеді. Форум байланысты бекемдей түсті. Шара аясында қос тарап маңызды құжаттарға қол қойып, түрлі инвестициялық жобаларды іске асыруға уағдаласты. Соның бірі «QazBioPharm» мен «Boehringer Ingelheim» компаниялары арасындағы жоба. Келісім бойынша енді Жамбылдағы казвак шығаратын зауытта, Францияның технологиясымен аусыл ауруына қарсы вакцина қоса өндірілмек.
Ерғали Әбдірайымов, «QazBioPharm» ұлттық холдингінің бас директоры:
2024 тен бастап алғашқы партияларын шығара бастаймыз. 24 жылы бізде жоспар бойынша 10 миллионға дейін шығарамыз. Кейінгі жылдары көлемін 80 миллионға дейін ұлғайтамыз. Ең бірінші біз өзіміздің ішкі нарықты толықтай толтырамыз. Кейіннен ішкі нарық қамтылғанда біз экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз.
Төрт түлікті қыратын аусыл аурына қарсы екпені өзімізде өндірсек, бұл елдің эпидемиологиялық көрсеткішін де жақсартады дейді мамандар. Демек ет, сүт секілді ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға сеп. Ал тағы бір маңызды келісім. Баламалы энергия саласына қатысты. Атақты Total компаниясы елімізде жел станцияларын тұрғызатын болды. Жоспарға сай, қуаты 1 ГВт болмақ.
Ардақ Зебешов, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы:
Біз біріккен жобаны іске асырып жатырмыз. Ол жерде «Самұрық-қазына» , «ҚазМұнайГаз» компаниялары бірге осы жобаны іске асырып жатыр.
Тек бірлескен жобалар емес, тікелей инвестиция да көп. Мәселен франциялық альстом компаниясы еліміздің көлік логистика саласына қаржы құймақ.
Ал тағы бір компания ақпараттық технологиялар, кибер қауіпсіздік саласында қызметін ұсынбақ.
Sebastien Dherines, инвестор:
Жасанды интеллект, Биг дата мұның бәрі қазір дамып жатыр. Сәйкесінше қауіп те артып барады. Түрлі алаяқтық пен кибер шабуылдар көбейді. Енді біз оған қарсы тұрамыз.
Алыс - берісті арттыруға да көп көңіл бөлініп отыр. Мәселен қазір Франция уранға зәру. Осы уақытқа дейін оны Африка құрлығынан алып келіп еді. Алайда Нигердегі төңкеріс, тасымалды қиындатып жіберді. Сондықтан Қазақстанға қол созуға мәжбүр. Президент бұл ретте экспортты арттыруға дайынбыз деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында және Еуропа тұтынатын ядролық отынның төрттен бір бөлігінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Атом энергетикасы Францияның энергетика секторында 63 пайызын құрайды. Осыған орай ынтымақтастықты арттыруға зор әлеуетіміз бар.
Осылайша түрлі уағдаластықтар мен келісімдер аз емес. Ендігі міндет соны жүзеге асыру.
Досжан Маратұлы, тілші:
Бизнес форум қорытындысы бойынша 20-ға жуық коммерциялық құжатқа қол қойылды. Оның жалпы соммасы бір жарым миллиард долларға жуық. Бұл сан саладағы байланысты арттырып, ресми Париж бен Астана арасындағы қарым-қатынасты арттыруға серпін бермек.
Досжан Маратұлы