«Аралас саяхат». Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп осындай жаңа жобаны қолға алуды жоспарлап отыр. Мақсат іргелес жатқан екі елдің біріне келген саяхатшылардың көрші мемлекетке де атбасын бұрып көрікті жерлерді кедергісіз аралауына жол ашу.
Әдетте, Самарқан не Бұқараға келетін саяхатшылардың бестен бірі қазақстандық болып шығады. Түркістанға сапарлап, Иасауи кесенесін зиярат етуге ағылған өзбек ағайындар да жыл санап артып келеді. Бұл туризм сарапшыларының пікірі. Енді алыс жақын елдерден келген қонақтар көршілес жатқан қос мемлекеттің біріне ғана аялдамай екіншісіне де еркін өтуге мүмкіндігі болса ұтарымыз көп.
Әмина Бижанова, туристік агенттік өкілі:
Өзбекстанда қалалар көп, Самарқан, Бұқара Хиуа, ал Қазақстанда экотуризм дамыған. Табиғат сұлулығы, өзгешеліктері. Осыларды бір бірімен байланыстырып туристік маршрут жасаса деген ұсыныс бар.
Ол үшін саяхатшыларға арналған жасыл дәліз құрылса дейді сала өкілдері. Яғни, туристердің кеден бекеттерінен кедергісіз өтуі қамтамасыз етілсе нұр үстіне нұр. мұның шетелдік саяхатшыларға да, екі елдің қазынасын толтыруға да айтарлықтай оң әсері болары анық
Тимур Мирзаев, туризм саласы бойынша сарапшы:
Қазақстанға қыдырып барған жерлестерімнің өз фотоларын әлеуметтік желіге жүктеп жатқанын күн сайын көремін. Бұрын көбіне шекараға жақын қалалардан баратын. Ал қазір Ферғана, Хиуа мен Қоқаннан да қазақ жеріне саяхат жасауға құлшынысы артқан туристер көбейіп жатыр.
Ауылы аралас, қойы қоралас екі елдің өткен тарихы, мәдениеті мен дәстүр-салты бір-бірімен сабақтас. Сондықтан саяхат турларын біріктіріп, барыс-келісті көбейту тиімді бастама болмақ. Өзбекстан қазір 100-ге тарта мемлекеттің азаматтарына визасыз режим ұсынып отыр. Алдағы уақытта туризм саласын насихаттап жүрген журналистер мен блогерлердің басын қосып жаһандық медиа-кампус құру жоспары бар.
Базаркүл Отыншиева