Қазақ тұлпарының тұқымы қайта түлейді. Еліміздегі темір тұлпар шығаратын зауыт Қостанай жылқысын сақтап, дамыту жобасын қолға алды. Соңғы кездері 135 жылдық тарихы бар Қостанайдағы асылтұқымды жылқы зауытының жағдайы мүшкіл күйге түскен еді. Жөнді қаржы бөлінбегендіктен, селекциялық зертхана 8 жыл бұрын жұмысын тоқтатты. Соның салдарынан асылтұқымды сәйгүліктің саны азайып, құрып кете жаздады. Жаңа жоба – оны қайта көбейтіп, санын да сапасын да көтеруді көздейді.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Атақты Қостанай жылқысы осы. Оның тұқымын алу жұмысы 1887 жылы басталып, 1951 жылы аяқталған. Мал бағып, арба, шанаға жегіп шаруаға пайдалануға да жарайды. Бәйгеге қосуға да болады.
Жалпы бұл күреңқасқалар ат спортының қай түріне де бейім. Қысқа және ұзақ қашықтықтағы бәйгелердегі көрсеткіші әлем бойынша екінші орында. Айгүл Амандықова Қостанайдағы жылқы зауытында 17 жыл еңбек етті. Селекция жұмысының қыр сырын жетік меңгерген. Жаңа жобаға жетекшілік жасау міндеті осы тәжиребелі маманға жүктеліп отыр.
Айгүл Амандықова, жоба жетекшісі:
Қазір 50 жылқы сатып алып, генофод жасадық. Қазақстан бойынша генетиптерді зерттеп, ДНК сараптама жасап, базасын құрып жатырмыз. Көп жұмыс істелді.
Бүгінде асылтұқымды жылқы өсіретін кешенді жасақтау жұмысы басталып кетті. Мұнда атқоралар мен қоса ветеринарлық клиника, зертхана салынады. Жобаны отандық автоөндірістің көшбасшысы «Аllur» кәсіпорны қаржыландырады.
Әлібек Құсайынов, «Аllur» кәсіпорнының әкімшілік мәселелер жөніндегі директоры:
Біздің атауымыз «Аllur» деген жылқының жүрісі дегенді білдіреді. Яғни, біздің атауымыздың өзіне жылқының қатысы бар. Сондықтан осы Қостанай тұқымын сақтауға көмек көрсетеміз.
Автоөндіріс кәсіпорны бұдан да басқа бірнеше спорттық, әлеуметтік, қайырымдылық жобаларға демеушілік жасап келеді. 3 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Биыл Қостанайдағы зауыттан 90 мың көлік шығару жоспарланған. Ал қазақ тұлпарын сақтау жобасы бойынша алда Қостанай жылқысының санын 400-ге дейін жеткізіп, ұлттық ат спортын жаңа деңгейге көтеру межесі тұр.
Дәуренбек Әбдібек