Шахтадағы апаттан 33 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахтадағы апаттан 33 адам қаза тапты

28.10.2023

Соңғы мәлімет бойынша, Костенко шахтасындағы апаттан 33 адам қайтыс болды. Метан газынан уланған 20 кенші ауруханада жатыр. Бүгіннен бастап, Қарағандыдағы 8 көмір шахтасында жұмыс уақытша тоқтатылды.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Оқыс оқиға түнгі сағат 2.30 шамасында болған. Төтенше жағдай кезінде жер астында 252 кенші жұмыс істеп жүрген. Кезекші дабыл қаққан сәттен бастап тек 205 кенші сыртқа шығып үлгерген.

Кеніште алдыңғы ауысым жұмыс істегенде жағдай қалыпты болған. Алайда түнемелік күтпеген жерден жалын шығып, соңы апатқа әкелді.

Геннадий Силинский, «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» филиалы директорының бірінші орынбасары:

Жұмысшылар жүрген аумақта бекіткіштер жанған. Дабыл қағылып, кеншілерді жоғарыға көтеру басталған. Алайда шамамен 7-8 минуттан соң метан газы жарылған. Жарылыс толқыны 2,5 шақырым жерге дейін жеткен. Байланыс желісі үзіліп, төмендегілермен хабарласу мүмкін болмай қалды.

Туғандарына алаңдаулы жұрт таңнан шахта басына жиналды. Тағы бірнеше кенші аман-есен құтқарылған сәтте үміт оты жанғандай болған. Дегенмен қаза тапқандар саны сағат сайын көбейе берді.

Бегалы Айбеков, кенші:

Кеше екінші сменадан шыққанбыз. Сағат 10-да үйде болдық. Таңертең осы хабарды естіп келіп жатырмыз. Уайымдап, көңіл айтуға, көмк берейік деп қан тапсыруға келіп жатырмыз балалармен жиналып. Бәріміз бір бригадада істейтінбіз. Жақсы жігіттер еді бәрі де, үлкен кісілер көбісі.

Кешкі 7-ге дейінгі мәлімет бойынша 33 кеншінің қайтыс болғаны анықталды. 13 адам іздестіріліп жатыр.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Өз-өзін құтқару 1 сағаттан артық уақытқа мүмкіншілік бермейді. Сол себептен енді бізде құтқару мүмкіндігіміз өте төмен. Бірақ біз үмітімізді үзбейміз. Іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Апаттан 208 кенші аман қалды. Олардың 20-сы ауруханаға жеткізілді. Дені метан газынан уланған. Бір адам ауыр халде.

Жасұлан Хасенов, Мақажанов клиникасының хирург дәрігері:

Жансақтау бөлімінде бүкіл емдерін, диагностикасын, емдерін атқарды. Қалған науқастар таксикология бөлімшесінде жатыр. Астанадан екі дәрігер шақырылды. Кеңесін берді. Науқастардың жағдайы қазір бірқалыпты. Өмірлеріне қауіп жоқ.

Қарағандыда 8 көмір шахтасы бар. Қазір барлығының да жұмысы уақытша тоқтатылды. Кеніштердің өндірістік қауіпсіздігі, улы газдан қорғану дайындығы қатаң тексеріледі. «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты көмір шахталарында араға екі ай салып тағы апаттың болуы компанияның жауапсыздығын көрсетіп отыр,-дейді Мәжіліс депутаттары.

Құдайберген Бексұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Нақты арселордың билігін тоқтату керек, құзырынан айыру керек. Олардың бәрін сотқа тарту керек. Президент жаңа айтты ғой нақты мемлекет қарауына алу керек. Бұл жағдай бәріміздің жанымызға батып тұр. Мыналардың ешқандай жауапкершілігі жоқ.

Шахтадағы апатқа байланысты қазір қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу