Брюссельде Қазақстан және Еуропалық Одақ арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Қазақстан және Еуропалық Одақ арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

21.10.2023

Қазақстан мен Еуропалық Одақ сауда-экономикалық қатынасты әрі қарай нығайтуға бағытталған жұмыстарды күшейтпек. Брюссельде өткен Берлин Еуразиялық клубының 38-ші отырысында тараптар кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында азаматтар мен бизнес үшін қолайлы жағдай жасау жайын талқылады. Шараны еліміздің Германия мен Бельгиядағы елшіліктері Герман экономикасы Шығыс комитетімен бірігіп ұйымдастырды. Басқосуға ЕуроОдақ өкілдері, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты.

Қазақстан-Еуроодақпен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Осы келісім аясында қос тарап 29 сала бойынша ынтымақты бекемдеп келеді. Былтыр өзара сауда айналымы 38,3 пайызға өсіп, 40 млрд долларды құраған. Оны еселеуге қос тараптың әлеуеті зор.

Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметінің Ресей, Шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары:

Сауда және экономика маңызды әрине. Дегенмен, біздің кеңейтілген келісім аясында білім, ғылым, Президент Тоқаев басымдық беріп отырған Жасыл экономикаға көшу тағы да басқа ортақ мүдде үшін атқаратын ісіміз көп. Геосаяси ахуал ушыққалы Қазақстан мен ЕуроОдақ үшін Транкаспий дәлізі арқылы байланыстың маңыздылығы артты.

Орталық дәліз-Қытайдан Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия арқылы Еуропаға тауар тасымалдаудың таптырмас алаңы. Дәл осы бағытпен еуропалықтар да өзінде барды Азия нарығына шығарады. Басқосуда туризмді дамыту, Қазақстан азаматтарына Шенген визасын рәсімдеуді жеңілдету мәселелері де талқыланды.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

Бұл оңай шаруа емес. Біраз уақытты талап етеді. Дегенмен, бұл мәселе бойынша консультациялардың басталғаны жігерлендіреді. 2017 жылы Қазақстан ЕуроОдақ азаматтарына визасыз режим енгізген болатын. Еуропа тарапы да дәл осындай қадамға барып, біздің азаматтар үшін ЕуроОдаққа сапарлау жеңілдетіледі деген үміттеміз.

Басқосуда адам құқы, заңның үстемдік етуі мәселелері де назардан тыс қалмады. Еуропалықтар өзінің осы саладағы озық тәжірибесімен бөлісуге дайын. Көмірсутектен бас тартып, жасыл энергияны дамытуды көздеген қарт құрлық елдері Қазақстанмен сирек кездесетін металдарды өндіріп, өңдеу бойынша ірі жобаларды іске асыруға да құлшынып отыр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу