Шымкентте халықаралық білім беру бизнес-форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте халықаралық білім беру бизнес-форумы өтті

19.10.2023

Білім беру, отбасылық құндылықтарды сақтау, діни сауаттылық, жастардың рухани және әлеуметтік дамуы. Бұл Қазақстан қоғамы үшін қазір аса маңызды һәм өзекті мәселелер болып тұр. Бүгін Шымкентте өткен халықаралық білім беру бизнес-форумында танымал тұлғалар осы тақырыптар аясындағы танымдық және мотивациялық идеяларын ортаға салды.

Форумда жиі сөз болған тақырыптың бірі – отбасы проблемасы. Тіршілігі тығырыққа тіреліп, жан күйзелісінен арылудың жолын іздеген нәзік жандылар көбіне қоғамнан демеу күтеді.

Ләйлә Сұлтанқызы, форум спикері, тележүргізуші:

Ақпаратпен бөлісумен қатар, «Аңсаған сәби» квотасын ала алмайтын отбасыларға көмектесіп жүрмін және тегін ЭКО жасап беріп жатырмыз. Былтыр 5 отбасыға көмектессек, биыл 20 отбасыға көмектесеміз деген ойымыз бар.

Басқосуға жиналған жастар да түрлі салада жетістікке жетіп, танымал болған азаматтармен еркін пікір алмасты. Ойларын ортаға салды. Жүзеге асырмақ болған жобаларын да кеңесті.

Аяжан Әбдімәлікова, студент:

Форум жастардың ішкі мүмкіндіктерін, қабілетін ашуға таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Өйткені бұл форум жастардың өсуіне баспалдақ.

Форумның негізгі көздегені қоғам қайраткерлерін, медиа-бизнес өкілдерін және кәсіпкерлер мен жұртшылықты ортақ қайырымдылық мақсатқа біріктіру болып табылады.

Жан Мұқанов, форум спикері, медиа-менеджер:

Жылдың аяғына дейін 8 қала, келесі жылы 20 қалаға дейін бүкіл облыстың ірі қалаларында болады.

Сондай-ақ, форум ұйымдастырушылар биыл желтоқсан айына дейін өңірлердегі балалар мен қарттар үйлеріне және басқа да әлеуметтік мекемелерге баруды жоспарлап отыр. Мұнан бөлек, студенттермен және тұрмысы төмен отбасылармен кездеспек.



Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу