«Қазақстан» телерадиокорпорациясы халықаралық келісімдерге қол жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы халықаралық келісімдерге қол жеткізді

17.10.2023

Францияның Канн қаласында MIPCOM халықаралық көрмесі екінші күн жалғасып жатыр. Ауқымды шарада «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бірқатар халықаралық келісімге қол жеткізді.

 Аида Барлыбек, тілші:

MIPCOM халықаралық көрмесінің деңгейі ауқымды. Алғашқы күні-ақ шараға қатысушылар саны 13 мыңнан асты. Халықаралық көрмеге екі мыңнан астам ұжымның телерадио өнімдері ұсынылған, оның арасында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының өнімдері де бар. Еске салып өтейін, ұжым өкілдері Disney, ВВС сияқты алпауыт компания өкілдерімен кездесті. Ұлыбритания, Австралия, Германия, Финляндия, Болгария, Түркия және Араб елдерінің өкілдері арнаның телехикая және көркем фильмдеріне және «Balapan» телеарнасының мультхикаяларына қызығушылық танытып отыр.

 Илхам Ибрагим, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары:

Өз стендімізді қойып, өнімдерімізді ұсынып жатырмыз, алғашқы нәтижелер де жоқ емес. Мысалы, әлемге танымал түрік телехикаяларын сататын компания біздің өнімдерге дистрибуторлық құқық алып, әлем бойынша сатуға келісімге келдік. Бетпе-бет кездесулер өтті. Қазақстандық стендке 30 шақты елдің өкілдері келіп, біздің өнімдермен танысып жатыр.

 Махмұт Ипсирлі, «MISTCO» компаниясының басшысы:

«Qazaqstan» арнасымен келіссөз жүргізуді бұрыннан жоспарлап жүр едік, бүгін мүмкіндік туды. Арна басшылығымен кездесіп, бүгін соны пысықтадық. Біздің мәдениетіміз жақын, сондықтан ұзақмерзімді келісімге де қол жеткізсек деген ниет бар. Бүгін өнім алмасу жайлы уағдаластық.

Аида Барлыбек


Хабарламаларға жазылу