Атырау облыстық Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры, Мысыр астанасы Каир қаласында тұңғыш рет «Бейбарыс» тарихи драмасын сахналады. Спектакль баһадүр бабамыздың 800 жылдығына арналып қойылды. Шетелдік көрерменді ерекше әсерге бөлеген әфсана туралы меншікті тілшіміз Жандос Темірғали тарқатады.
Іргесі 150 жыл бұрын қаланған Каирдың бас театрында тарих жаңғырды. Сахнада рух алдаспаны жарқ етіп, қыпшақ даласының ұлы перзенті мысырлық көрерменмен қауышты. Спектакль қазақ тілінде қойылды. Шетелдіктер үшін ағылшын-араб тілдеріне тәржімаланды.
Жандос Темірғали, тілші:
Туған жерінің бір түр жусанын иіскеу – даңқы әлемге мәшһүр сұлтанның орындалмай кеткен асқақ арманы екен. Қойылымның өзегі де осында жатыр. Әфсанада Бейбарыстың бірегей болмасы мен елге деген сартап сағынышы сахналанады. Қазір залда көрермен спектаклді ерекше ықыласпен тамашалап отыр.
Белгілі драматург Рахымжан Отарбаевтың қаламынан туған шығарма, әлемдік сахнада тұңғыш рет қойылды. Оған Мұқанғали Томанов пен Жанат Телтаев режиссерлік етті. Шығармашылық ұжымның 50-дей актері жұмылдырылды. Бейбарыс сұлтанның образына үш әртіс бекітілген.
Мұқанғали Томанов облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссері:
Бейбарыс бабамыздың негізі сұлтандығынан гөрі адами жағын көп көрсеткіміз келді. Осы жаққа келіп, бәленбай жыл басқаруы, елін сағынатындығы солардың әфсана ретінде көрсеттік.
Мың орынға шақталған залда ине шаншыр орын болмады. Спектакль көптің көкейіндегісін дөп басып, тарихты қайта тірілтті.
Қайраткер дәрежесіне жеткен кемеңгер тұлғаның төңірегінде ашылмаған ақиқат көп. Мысыр мен Сирияда 60 мың томға жүк болған материал бар. Біздің мамандар қазақша тәржімалап, сол құпияның сырын ашпақ.
Жандос Темірғали