Қазақстан экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы – Қасым Жомарт Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы – Қасым Жомарт Тоқаев

13.10.2023

Қазақстан – экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы. Бұл жаһандық сауда-саттық пен мемлекеттердің әл-ауқатына кері әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев бүгін ТМД елдері басшыларының саммитінде Қазақстанның ұстанымын айтты. Ал алыс берісті жандандыру үшін аймақтағы күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Тағы бірқатар бастама көтерді. 

ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі. «Ала Арча» резиденциясы. Садыр Жапаров құрметті қонақтарын кезекпен қарсы алып тұр.

Асима Нұрбайқызы:

ТМД мемлекеттері басшылары жыл сайын жолығады. Ал, Бішкек ұйым мүшелерін осымен төртінші мәрте қабылдап отыр. Кезекті суретке түсу сәті. Осылайша отыз төртінші отырыс тарихқа еніп барады.

Тыныштық. Осы сөздің қадірі артқан тұста интеграцияға бастайтын кез келген саяси қадам маңызды. Өйткені, жер жаһанда қақтығыс азаяр емес. Таяу шығыстағы ахуал тағы алаңдатып қойды. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев әуелі осы жағдайға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл еш ақтауға келмейтін әрекет.

Қауіпсіздік мәселесі бұрыннан күн тәртібінен түскен жоқ. Бірақ, дәл қазір маңызы арта түсті. Осындай тақырыптарды бірге қаузайтын достастық кеңістігіндегі елдер басшыларының екеуі биыл қалыс қалды. Мәселен, жиыннан қалмайтын Армения премьер министрі Николь Пашинян келмей қалды. Молдова басшысы да жоқ. Қалған сегіз елдің Президенті осында.

Қырғыз тарапы іштегі қауіпсіздікке баса мән бергені байқалады. Бішкек көшелерінде тәртіп сақшылары көп. Арнайы саммит үшін ішкі істер құрылымының төрт мыңнан аса қызметкері тартылған. Қаланың негізі нүктелерінде көлік қозғалысы шектелді. Тіпті, орталықтағы барлық мектеп онлайн оқуға көшірілді. Саммит күні Бішкекте самокатпен жүруге де тыйым салынды.

Тыныштық кілті келісімде екенін бәрі біліп отыр. Сондықтан аймақтағы ортақ проблемаларды ортаға салып, талқыламаса болмайды. Мәселен, шекарадағы кикілжіңдер әлі бар.

Елдар Абакиров, экономист:

Еуропада көріп жүрсіздер ғой, мәселен, Польшадан Чехияға қалай өтіп кеткеніңізді аңғармай қаласыз. Біз де сондай деңгейге жете алсақ, онда Орталық Азиядағы әрбір ел экономикалық жағынан қатты өседі. Өйткені, біздің әлеуетіміз зор. Соны қолдана алмай отырмыз.

Сауда кедергілері, тариф мәселелерінің барын Мемлекеттер басшылары біледі. Осы тұста Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаев әкімшілік рәсімдерді жеңілдете түсу керегін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5 млрд долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет.

Аймақты ірі көлік логистикалық хабқа айналдыруға болады. Оған географиялық артықшылықтардың мүмкіндігі мол. Бірақ, қазіргі инфрақұрылымды жаңғырту қажет. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айналмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Біз Транскаспий көлік бағытын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобаларын тезірек іске асыруды көздейді.

Алдағы жылдары Орталық Азиядағы ірі мұздықтардың 30%-ы еріп кетеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде тіршілік нәріне қатысты мәселе күшейе бастады. Ал келісім құжаты ескірген. Аймақты алда алаңдататын мәселе осы болмақ.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

ТМД елдері арасындағы осының алдындағы келісім 2000-жылдары жасалған. Ал оның алдындағы келісім кеңес дәуірі кезінде жасалған. Әлі күнге дейін біз мысалы Талас өзенінің, Шу өзенінің суды жіберу текше метрлік нормативтерін сол кеңестер Одағындағы құжатпен алып отырмыз. Одан бері қараңыз біздің жерімізде қанша өзгерістер пайда болды. Көптеген өзімізден құятын өзендер тартылып кетті, жерасты сулар тартылып кетті. Міне осының бәрін есептейтін болсақ алдағы 2040 жылдары бізде шын мәнінде су мәселесі өте қиын болады.

БҰҰ-ның болжамы да қуантпайды. 2050 жылғқарай климаттағы өзгеріс салдарынан бес миллиардтан астам адам суға зәру болады. Президент бұл проблеманы елеусіз қалдырмау керегін тағы айтты. Әрі күш-жігер жұмылдырмай, Еуразия кеңістігіндегі экологиялық катаклизмдердің салдарын еңсеру мүмкін емес екенін ескертті.

Бақыт Бакетаев, саясаттанушы:

Мысалы, Еуропада Дунай өзені 7 мемлекетті кесіп өтеді. Оларда ортақ конвенция бар. Яғни өзен суын пайдаланушылар осы құжатқа сүйенеді. Менің ойымша біз де осындай конвенция қабылдасақ, суды пайдаланатын мемлекеттер арасында әділетті, келісім орнайды.

Жиын соңында он бір құжат бекіді. Сүбелісі – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін жоюдың халықаралық орталығын құру. 2024 жылы ТМД-да Волонтерлік қозғалыс жылы деп жарияланды. Ал кезекті төрағалық Ресейге өтті. Қырғызстан мен Тәжікстан тең төраға. Ендігі отырыс келер жылдың күзіне Мәскеуде жоспарланды.


Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу