Шетелдік инвестиция көмегінсіз ашылған бірегей жоба. Жамбыл облысын газбен қамтуда үлкен үлесі бар «Амангелді» кен орнының пайдалануға берілгеніне биыл 20 жыл. Осындай айтулы мерейтойды сала мамандары мен ардагерлер атап өтті. Олар кеніш басында болып, ширек ғасырға жуық уақытта жеткен жетістіктерге тоқталды.
Елімізде жылына 54 млрд текше метр газ өндірілсе, оның 2,4 млрд-ын Жамбыл облысы тұтынады. Ал жылына жағылатын 300 млн текше метр газдың үлесі «Амангелді» кен орнына тиесілі. Мұнда 20 жылдан бері 6 млрд текше метрге жуық газ өндірілген. Айта кетерлігі, ауқымды жоба тәуелсіздік жылдарында ел бюджеті есебінен ашылған.
Мейірбек Ихсанов, «Qazaqgaz» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
20 жылдың ішінде мақтанышымыз, ол шетелдік инвестициясыз қазақстандық мамандар іске қосқан кен орны. «Амангелді» кен орнының газы өте таза газ. Салыстырып қарасақ, мысалы «Тенгиз», «Қарашығанақ, «Қашаған» газдарын алсақ, мұнда күкірт жоқ.
Ал салтанатты жиынға еңбегі сіңген азаматтар мен ел басқарған тұлғалар жиналды. Олардың қатарында «Амангелді» газ кенін ашқан геолог барлаушы Серікбек Дәукеев те бар. Бүгінде академикке айналған ақсақал кен орны жастық жігер мен ізденістің арқасында ашылды дейді.
Серікбек Дәукеев, «Амангелді» газ кенін ашқан геолог, ҚР Ғылым академиясының президенті:
20 жыл бұрын осы жұмыс басталды, жаңа технологиямен. Оны газ өндірушілер жақсы қолданды. Біз сол жерде болжам жасағанбыз, 2 мың метр тереңдікте газ бар деп. Соны бұрғылап алды.
«Жиырма жылдыққа» жиналғандар кен орнын кешенге айналдырып, газ өндіруге үлкен үлес қосқандары үшін мерекелік медальдармен марапатталды. Айта кету керек, былтыр «Амангелдінің» атауы өзгеріп, «Qazaqgaz барлау және өндіру» серіктестігі болып қайта құрылды.
Талас ауданында орналасқан кен орны бүгінде кеңейіп келеді. Компанияда 160 адам жұмыс істейді. Енді жыл соңына қарай «Амангелдінің» жалғасы ретінде «Анабай» кеніші ашылмақ. Бұл жоба жылына 40 млн текше метр газ өндіругі мүмкіндік бермек.
Данияр Әлімқұл