Мемлекет басшысы: Спорт саласына өзгеріс қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Спорт саласына өзгеріс қажет

11.10.2023

Отандық спортқа түбегейлі өзгеріс қажет. Мемлекет басшысы бүгін Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Спортта ұйым да, басшы да көп. Бірақ үйлесім жоқ. Президент министрлік пен Ұлттық Олимпиада комитеті және федерациялар арасындағы байланысты қайта қарауды тапсырды. Қазынадан жыл сайын қомақты қаржы бөлінгенімен, тиімді жұмсалмай отыр деп тағы сынға алды. Спорт саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?
Шерхан Жамбылұлының материалында.
Жарты айға созылған жазғы Азия ойындары мәреге жетіп, жерлестеріміз 80 медаль еншіледі. 10 алтын, 22 күміс, 48 қола. Спортшылар сайыс алаңында барын салды. Алайда, Ханчжоудағы нәтиже жанкүйер көңілінен шыққан жоқ. Сондықтан да, реформа қажет деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайды. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек.
Министрлік бір бөлек, ұлттық олимпиада комитеті бір бөлек. Өзара үйлесім жоқ. Саладағы басқару жұмысын Президент сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттің бюджетінен қаржыландырылатын спорт федерацияларының қызметіне ревизия жасау қажет. Түптеп келгенде тиісті министрлік негізгі үйлестіруші органға айналуы тиіс.
Спорт медицинасы мен фармокология әлемде қарыштап дамып жатыр. Президент бұл салаға баса мән беру керек деді. Шеттен келетін легионерлерге иек артуды доғару керектігін де айтты. Өзіміздің бапкерлер мен атлеттердің айлығын өсіріп, жағдайын жасауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бапкерлерді, спорт менеджерлерін және дәрігерлерді даярлау жүйесін жақсарту керек.
Дегенмен, жаһандық жарыстарда ел абыройын асқақтатып жүрген спортшыларымыз баршылық. Биыл егемен ел тарихында алғаш рет жерлесіміз еркін күрестен әлем чемпионы атанды.

Ризабек Айтмұхан, Еркін күрестен әлем чемпионы:
Біз спортшылар Мағжан атамыздың «мен жастарға сенемін» деген ұранын жоғары ұстауға барымызды саламыз.
Спортпен қатар жеке өмірде де бағы жанғандар бар.

Әсем Орынбай, Азия ойындарының чемпионы:
Спорт арқылы жарымды таптым. Тойға шақырамын.
Азия ойындарында каратешілер топ жарды. Жарысқа барған сегіз спортшының бәрі де жүлдеге ілінген.

Асқар Молдағали, Каратеден ұлттық құраманың бас бапкері:
Команданың бірілігінде деп ойлаймыз. Өзіміздің тарихи сәтіміз. Бірінші рет осы Азия ойындарына 8 спортшы апарып, 6 финалға шықты.
Софья Берульцева, Азия ойындарының чемпионы:
Елге оралғаннан кейін көптеген адамдар сұраған балаларымды қай секцияға берсем болады деп. Мен өзім біреуді спортпен шұғылдануға жігерлендіргеніме қуаныштымын.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, спорт саласына күрделі реформалар қажет. Токио мен Ханчжоуда өткен байрақты бәсекелердің нәтижесі соның нақ айғағы. Ендігі меже 8 айдан кейін басталатын Париж олимпиадасы. Мақсат жеңіс тұғырынан көрініп, жоғары нәтиже көрсету. Президент спортшыларға сенім артып, сала басшыларына міндет жүктеді.
Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу