Алматы облысында қосалқы электр станциясы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында қосалқы электр станциясы іске қосылды

09.10.2023

Алматы облысы Көкөзек ауылында қосалқы электр станциясы іске қосылды. Енді қала маңындағы ірі индустриялық аймақ пен емхана мен мектеп сынды әлеуметтік нысандар толық жарықпен қамтамасыз етіледі. Бұдан кейін, облыста кәсіпорындар саны да едәуір артады деп күтілуде. Бастысы жарығы үнемі сөніп қала беретін елдімекендерде электр қуаты үзілмейтін болады,-дейді жауаптылар.

«Көкөзек» қосалқы станциясын пайдалануға беру қуат жетіспеушілігі проблемасын жойып, шағын және орта бизнес субъектілерін электрмен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жаңа қосалқы станция өңірде қажетті әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысандарды салу мүмкіндігін кеңейтеді.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-энерго» АҚ Басқарма төрағасы:

Қосалқы станция өндіріс пен бизнесті дамыту үшін ғана емес, тұрғындар үшін де, қажетті әлеуметтік нысандарды салу үшін де қажет. Мысалы, бүгінде Көкөзек және Елтай ауылдарында 1500 бала оқитын екі жайлы мектепті қосуға техникалық жағдай жасалды. Станцияның ішіндегі қондырғылардың 70 пайызы қазақстандық өндірушілердің өнімі. Станцияны салған да 100 пайыз қазақстандық компания.

110/10 кВ қосалқы станция 1362 тұрғын үйді және 346 шағын және орта кәсіпорынды жарықпен қамтамасыз етеді. Жергілікті билік, енді облыстағы өндіріс нысандарының артатынын алға тартып отыр.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

Бізге осы жерден алыс емес жерде «Қазыбек бек» индустриалды аймақ құрғанбыз. Бірақ оның жер көлемі үлкен, бүгінгі күнге электр қуаттылығы жетіспейді. Егер оны қамтамасыз етсек, 200-300 мегаватқа келетін инвесторлар бар. Соны алдымызға мақсат қойып тұрмыз. Инфрақұрылымды дұрыстасақ, Алматы облысында өндіріс саласы тез дамиды деген ойдамыз.

Айта кетейік, «Көкөзек» қосалқы станциясының құрылысы «Самұрық-Энерго» компаниясының қаражаты есебінен салынды. "Алтау жарық компаниясы" әзірлеген жобаның құны - 2 миллиард 73 милион теңгеге шыққан.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу