Педагогтер съезі: Президент тоқталған өзекті мәселелер қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Педагогтер съезі: Президент тоқталған өзекті мәселелер қандай?

08.10.2023

Осы аптада президенттің жұмыс кестесі тығыз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет өткен республикалық педагогтер съезіне де қатысты. Биыл Ұстаздар күні 5-қазан болып бекітіліп, атап өтілді. Бұған дейін мұғалімдер мерекесі нақты датасыз, қазанның алғашқы жексенбісі тойлана-тұғын.

Қазір Қазақстанда 340 676 адам ұстаздық етеді екен. Оның басым бөлігі 326 мыңнан астамы мемлекеттік, қалғаны жекеменшік мектептерде жұмыс істейді. Еңбек өтілі 20 жылдан асатын мұғалімдер саны: 104 881. 20 жылға дейін: 88 393, ал 10 жылға дейін: 147 402. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келген екен. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өскені белгілі. Қазір мұғалімдердің орташа жалақысы – 343 мың теңге. Иә, атқарылған шаруа аз емес. Бірақ бұл мектепте мәселе аз дегенді білдірмейді.

Қыркүйек сайын айтылатын мектеп тапшылығы, қауіпсіздік, оқушылар арасындағы буллинг, педагогтер дефициті... Бұлардың бәрін съезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып, ұсыныстарын да жеткізді. Соңғы уақытта талқыланып жүрген «хибджаб» тақырыбы да тасада қалмады.Бір қарағанда, Педагогтер съезі білім саласында қордаланып қалған проблемаларды талқылайтын алаң ғана болып көрінуі мүмкін. Әдетте мұғалімдер жаңа оқу жылы қарсаңында өтетін тамыз конференциясына жиналып, барлық мәселені пысықтап алатын. Биыл съез форматында өтті.

Қызығы, алғашқы мұғалімдер съезі XX ғасырдың басында Астрахан губерниясына қарайтын Бөкей ордасында өтіпті. Бұл мәліметті қазақтың тұңғыш генералы Шәкір Жексенбаев 1961 жылы Мәскеудегі Орталық мұрағаттан көшіріп алған екен. 1918 жылы Бөкей ордасында өткен 1-мұғалімдер съезі хаттамасының қолжазбасы сақталыпты.

Хаттамаға сай, жиында тек елдегі білім саласы мәселелері ғана емес, сонымен қатар саяси-қоғамдық өзгерістер барысы да талқыланған көрінеді. 105 жылдан кейін ұйымдастырылған съезде қандай мәселелерге басымдық берілді? Әсима Нұрбайқызының материалында.

Осыдан екі апта бұрынғы ахуал. Түркістан облысындағы Аққұм ауылының мұғалімдері интернет іздеп көрші ауылға сабылды. Алыстағы елді-мекендерге ортақ көрініс осы. Көп жерде интернет жоқ, барының сапасы төмен.

Ауылдағы кей мектептің компьютерлері музейдегі бұйым сияқты шаң басып тұр. Оқушылар бар техниканы пайдалана алмайды. Өйткені интернет жоқ. Ай кейбір білім ошақтарында техника мүлде жеткіліксіз.

Набиға Спатай, Түркістан облысы Амангелді атындағы жалпы орта мектептің информатика пәні мұғалімі:

Компьютерлер саны жеткіліксіз. 7 оқушыға мысалы бір-ақ компьютер пайдаланатын жағдай. Өте көп ондай нәрсе. +02.54. қиындық туғызып жатқан нәрсе осы. Сосын интернеттің баяулығы.

Білім беру саласындағы проблемалардың бәрін Мемлекет басшысы біліп отыр. Үкіметке шұғыл міндет қойды. Барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернет жеткізу керек. Нақты мерзімін де атады. Алдағы алты ай. Шешім болмаса жауапты министрлерге тықыр таянатынын ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін. Осы орайда мен қайырымдылықпен айналысатын азаматтарды, ең алдымен, ауыл мектептеріне көмектесуге шақырамын. Мұғалімдерді негізгі цифрлық құралдарды қолдана білуге үйрету маңызды.

Отбасы жағдайына, өскен ортасына қарамай барлық баланың сапалы білім алуына қақы бар. Бірақ қала мен ауыл арасындағы жағдай жер мен көктей. Қажетті құрал-жабдық түгел емес, білікті кадр тапшы, материалдық техникалық база ескі. Теңсіздік түбегейлі жойылуы керек. Қоғамдық көп іске ұстаздар ұзақ уақыт жұмылдырылып келгені рас. Қайырымдылықтың қарымтасы ретінде Презизидент кәсіпкерлерге қолқа салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет.

Қазақстан үш ауысымды оқытудан әлі арылған жоқ. Мектептер жетіспейді. Елорданың өзінде биыл 26 мың балаға орын табу қиынға соқты. 8 мектеп 3 ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Тағы 18-нде бала саны шамадан тыс көп. Алда бұл проблема ел бойынша күрделене түседі. Өйткені, жыл сайын 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Демек, сұраныс алда кемі есе есеге көбейеді. Ізгілік ісіне атсалысуға Президент кәсіпкерлерді шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл – азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын.

Мектеп – балалар үшін ең қауіпсіз орын, қолайлы орта болуы керек еді. Бірақ, талап сақтала бермейді. Президент жақында Астанада болған оқыс оқиғаны мысалға алды. Министрлік пен әкімдіктерге барлық мектепті толық тексеріп шығуды тапсырды. Оқушылардың арасында бір біріне әлімжеттік, зорлық көрсету де тыйылмай отыр. Шұғыл шешілетін мәселе. Осы мақсатта Президент съезге бала құқықтары жөніндегі омбудсменді, бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің басшыларын түгел жиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ, буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Буллингтен арылуға қатысты әлемдік тәжірибелерді зерттей, зерделей келе мына финдық Кива жобасын біз қарастырып отырмыз. Ол жоба бұл мемлекетте 10 жыл ішінде буллингтің 4 есе төмендеуіне үлкен әсер еткен екен. Осындай тәжірибелерді жинақтай отыра, біздің елімізде де оған жол бермеу бағытындағы үлкен жұмыстар жасалып жатыр.

Кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасы қатаңдатылады. Президент арнайы тапсырма бергенін, бастама жақын арада жүзеге асатынын айтты. Жалпы барлық мектепке қағида ортақ: оқушы – мұғалім – ата-ана. Үшеуі бір-бірінен ажырамай, байланыста болса ғана сапалы білім, саналы тәрбие болады. Президент ата-аналарға осындай үндеу айтты. Баланы мұғалімдердің алдында қорғамауды сұрады.

Асима Бимендина, «Талап» КМ ашық қоғам президентінің кеңесшісі:

Материалдық жағдай ол бір бірақ та мынау негізгі моралдық жолда ұстаздың жолы оңай болу керек. Оларды қолдау керек, оларды көтеру керек. Сол жетіспейді деп ойлаймын. Ұстаздар қауымы көтерілуі үшін, өздерінің ерекше орнын алуы үшін қоғамның көзқарасы ерекше болуы керек.

Қазір 5000 педагог жетіспейді. Ал осы салада оқыған әр бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесін де кешіктірмеу керек деді Президент. Ұстаз – қадірлі мамандық. Оларды оңды-солды жұмсап, талаптарды жиі өзгертіп қадірін қашырмау керек. Президент осы мәселені қатаң тапсырды. Ойына не келсе, соны істейтін шенеуніктердің жүгенсіздігіне де шүйлігіп, тосқауыл қоюды айтты.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Шешілген мәселеге қарағанда шешілетін мәселе өте көп. Оның барлығына уақыт қажет екендігі белгілі. Ең бастысы бір күнде шешілмесе де, қадамдар жасай отырып, дәлірек 25-26 жылға дейін күрделі мәселелерді шешуді министрлік қолға алып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы тағы бір күрделі мәселеге нақты жауап берді. Мектеп медресе емес. Орта білім беретін ордада ортақ тәртіп бар. Бұл талапқа түгел тегіс бағынуы керек. Болды. Балалар есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасайды деді Президент. Ал қазір барлық ой-сана, күш-қайрат сапалы білім алуға ғана жұмсалуы керек екенін айтты.

Гаухар Аманжолова, Шымкент қаласы №41 мектеп-лицейінің мұғалімі:

Енді қазіргі біздің ата-аналарымыз өздеріңіз білетіндей 90- жылдан кейінгі ата-ана ғой. Кішкене тоқыраудан кейін. Балалармен бірге осы ата-аналарды да қазір тәрбиелеу мұғалімдерге жүктеліп отырған мәселе ғой қарап отырсаңыз. Осы жағынан да ұстаздар жұмыс істеп жатыр.

Республикалық педагогтер съезі тұңғыш рет өткізіліп отыр. Шара аясында 7 мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды.

Сәбит Әбдікенұлы:

Бұл марапат үлкен жауапкершілік жүктейді. Еліміздің әрман қарай гүлдендіруге, жас ұрпақты тәрбиелеу үшін көптеп еңбек етуіміз қажет.

Осылайша, Мемлекет басшысы білім беру саласындағы проблемаларды шешудің негізгі 7 бағытын айқындап берді. Олардың орындалуына қатаң бақылау болатынын да ескертті. Президент «Алған дипломың өмір бойы азық болады» деген түсініктен арылатын кез келгенін айтты. Орнына «Өмір бойы оқы және үйрен» қағидасын қатаң ұстануға шақырды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу