Абай облысының Үржар ауданында үш бірдей су қоймасы жарамсыз күйде. Егін шаруашылығымен айналысатын аймақтың шаруалары үшін бұл үлкен кедергі болып тұр. Су тапшылығы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын Президент халыққа арнаған Жолдауында да айтты. Өңірдегі бұл түйткіл қалай шешімін табады?
Таскескен ауылының іргесінде орналасқан Қарақол су қоймасы 90 жылдары құрылысы аяқсыз қалған. 55 миллион текше метр су сиятын ірі нысан қазір қолданыссыз тұр. Салдарынан өңірде 25 мың гектарға жуық суармалы алқап бос жатыр. Өңір дихандары өзекті мәселені қанша жылдан бері көтеріп келеді. Бірақ нәтиже жоқ.
Бекжан Жұмағұлов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Депутаттар да келді. Қаншама қоғам белсенділері де келді. Бәріне де осы су қоймасы жайында айтудамыз. Егер де бұл су қоймасы салынып, әрі қарай дамитын болса, үш ауылдық окургқа да жетеді.
Амангелді Жүмекенов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Жер бар. Бірақ мынау егінге су болмай тұр. Су жетпейді. Плотина бітетін болса, пәленбай гектардың бәрі суармалы жерге айналар еді.
Қарақол су қоймасының 50 пайызы ғана салынып біткен. Қазір күтімсіз қалқиып тұрған бетон қабырғалары тозып, темір бөліктері да шіри бастаған. Аудан әкімшілігіндегілер оны жөндеу жоспарда бар дейді. Бірақ, нақты қашан іске асытындығы белгісіз.
Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:
Жобалық сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Бұл үкімет алдында жоспарда тұр. Енді жоспар бойынша 5 миллиард қаржы керек. Алдын ала есептеп, мамандар қарап, экспертизадан өткенен кейін белгілі болады.
Дихандар талай жылдан бері тек жоспарланып, бірақ шешімін таппаған түйткілді тездетіп реттеуді талап етеді. Өйткені Қарақол су қоймасының іргесіндегі Таскескен ауылының өзінде қазір 500 гектар алқапқа ғана егін егілген. Егер су қоймасы іске қосылса, оның көлемін өңір шаруалары кем дегенде 5 мың гектарға жеткізер едік дейді. Олай болмағанда жылдар бойы өңделмеген алқап не егінге не жайылымға жарамай өздігінен тозып барады.