Азия ойындары: Қазақстан қоржынына төртінші алтын медаль түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азия ойындары: Қазақстан қоржынына төртінші алтын медаль түсті

02.10.2023

Ханчжоудағы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары топ жарды. Каноэде ескек есуден 500 метрге жарыста Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров қарсыластарынан озық шықты.

Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жеңіске жетті. Олар алтын медаль алатындарына сенімді болғандарын айтады. Командалық, жүйелі әрекеттің арқасында олар бірінші келді. 500 метрді 1 минут 49 секундта бағынды. Екінші және үшінші орынды Жапония мен Иран спортшылары иеленді. Бұл Емельянов үшін Азия ойындарының алғашқы алтыны. Бұған дейін ол 2014, 2018 жылдары 2-орынды місе тұтқан еді.

Сергей Емельянов, Азия ойындарының жеңімпазы:

Мен бұл жүлдені өз балаларыма арнаймын. Артымыздан ерген жастар осындай жеңістерден шабыт алып, спортқа қызыққанын қалаймын. Қолдау көрсеткен барша жанкүйерге мың алғыс. Бүгін бапкер тапсырмасын орындап, жоспарға сай жүріп өттік. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын.

 Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бүгін біздің ескекшілер кезекті мәрте мықтылықтарын дәлелдеді. Алтынмен қатар күміс те, қола да бар. Әйелдер командасы Мария Бровкова мен Руфина Искакова 500 метрге каноэмен жарысуда, ал Ольга Шмельева мен Ирина Подойникова 500 метрге байдаркамен жарысуда күміс медаль иеленді. Ерлер арасында Кирилл Тубаев 1000 метрге жарыста үшінші келіп, қолаға қол жеткізді. Сонымен қатар Тимофей Емельянов та байдарка мен каноэ есуден 1000 метр қашықтықта жүлделі үшінші орыннан көрінді. Жалпы байдарка мен каноэде бүгін-ертең 12 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Қазақстан спортшылары барлығында да таласқа түседі.

 Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу