Азиада: Сұрмергендер жарысында әйелдер құрамасы оқ бойы озық шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азиада: Сұрмергендер жарысында әйелдер құрамасы оқ бойы озық шықты

27.09.2023

Алғашқы алтын. Бүгін сұрмергендер жарысында әйелдер құрамасы оқ бойы озық шықты. Осылайша ел қоржынына бірінші алтын медаль түсті. Жеңімпаздардан ең алғашқылардың бірі болып тілшіміз Шерхан Жамбылұлы сұхбат алды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Алғашқы алтынды атып түсірдік. Сұрмергендер бүгін нысанаға дөп тиіп, ел қоржынына бірінші алтын медаль салды. Стенд ату спортының скид бағдарламасы бойынша командалық сында Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панарина командасы сары құрлықта үздік атанды. Бірінші орын үшін тартыс соңғы сәтке дейін жалғасты. Қытай құрамасы екі ұпайға алда келе жатқан еді. Алайда жерлестеріміз ақтық айналымда жеңісті жұлып кетті. 

Әсем Орынбай, Азия ойындарының жеңімпазы:

Қырағылық пен жылдамдық темірдей тәртіп. Құстай ұшып бара жатқан нысананың барлығын да қағып түсіру оңай емес. Әлияның жолын жалғаған қыз-келіншектер сары құрлықта үздік екенін дәлелдеп, ұжымдық ауызбіршілігін көрсетті.

Зоя Кравченко, Азия Ойындарының жеңімпазы:

Барлығымыз бір-бірімізге қолдау көрсетіп жатырмыз. Командадағы көңіл-күй өте жақсы. Жүйелі түрде жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі жарыстың нәтижелі аяқталғанына өте қуаныштымын.

Құралайды көзге атқан отандастарымыз бір медальмен шектеліп қалған жоқ. Жекелей сында Әсем Орынбай қола медаль алып, қос жүлдені еншіледі.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Көк байрағымыз желбіреді. Әнұранымыз орындалды. Стенд ату шеберлері тағы бір мәрте жарыс жолына шығады. Жанкүйерлердің басты тілегі жеңісті жолдың жалғасуы. 


Хабарламаларға жазылу