Қазақстан мен Қырғызстан 65 млн доллар болатын құжаттарға қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қырғызстан 65 млн доллар болатын құжаттарға қол қойды

23.09.2023

Қазақстан мен Қырғызстан құны 65 млн долларды құрайтын сауда-саттық саласындағы құжаттарға қол қойды. Бұл туралы Таразда өтіп жатқан екі ел арасындағы бірінші Өңіраралық ынтымақтастық форумында белгілі болды. Енді екі елдің сауда страгетиялық серіктестігі жаңа бағытқа көшпек. Қос тараптың қатысуымен Үкіметаралық кеңестің 11-ші отырысы өтті. Басқосу барысында инвестициялық әлеуетті нығайту, тауар айналымын арттыру, транзиттік-көлік дәліздерін дамыту және суды пайдалану бағытында келіссөздер жүргізілді.

Қазақстандық компаниялар 2005 жылдан бері Қырғызстан экономикасына 1,3 млрд долларға инвестиция салған. Былтыр бұл көрсеткіш 200 млн доллар болды. Нәтижесінде еліміздің нарығындағы екі жақты бірлескен компаниялар саны үш жарым мыңға жеткен. Ал олардың жартысы Жамбыл жерінде. Сондықтан Үкімет басшысы бауырлас елмен байланыста аймақтың алар орны айрықша деді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Бірлескен жобаларды жүзеге асыруда аймақаралық байланыстың маңызы зор. Әсіресе біздің Алматы және Жамбыл өңірі көрші елдің Ыстықкөл, Талас және Шу облыстарымен шектеседі. Бұл мемлекеттік шекарамыздың 1 200 шақырымын құрайды. Әсіресе логистикалық жолдардың басым бөлігі Жамбыл жері арқылы өтеді. Сондықтан өңірде индустриялық сауда-логистикалық кешені құрылып жатыр.

Екі ел «Алатау» логистикалық зонасын құру арқылы көл-көсір пайдаға кенелмек. Енді кедендік бақылаудан өту үшін электронды кезек енгізіледі. Көлік ағымы цифрландыруға көшеді. Бұл жоба бизнес қауымдастықтар жұмысына оң серпін бермек. Ал түптеп келгенде тиімділігі тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізуге жол ашады. Сондықтан бүгін коммерциялық бағытта 10 келісімге қол қойылды.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:

Форум аясында біз 65 миллион долларға контрактілерге қол қойдық. Ол негізінен экспорттық контрактілер. Қырғызстан Республикасына Қазақстанның тауарлары енді тасымалданатын болды.

Сейітбек Сұлтанқұлов, Қырғызстан кәсіпкері:

Бізге құрылыс материалдарын Тараздан алған ыңғайлы әрі тиімді. Форум аясында осы облыстағы зауыттарды аралап көрдік. Кейбірімен келісімге де келдік. Бүгінгі шарадан соң, сол тауарларды сатып алып шекарадан өткізу оңайырақ болады деген үміттенеміз.

Үкімет басшысы су мәселесіне де тоқталды. Әлихан Смайылов трансшекаралық су каналдарын цифрландырып, мониторинг жасау маңызды, деді. Енді екі ел су бөлуде ашық ақпарат алаңын құрып, жаңа бағытта жұмыс істеуге келісті. Ал форум нәтижесінде транзиттік бағытта тауар тасымалдайын кәсіпкерлерге кедергісіз жұмыс істеуге жол ашылды.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу