Елге тарихи жеңіс тарту еткен Ризабек Айтмұхан елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елге тарихи жеңіс тарту еткен Ризабек Айтмұхан елге оралды

21.09.2023

Еркін күрестен әлем чемпионы атанып, елге тарихи жеңіс тарту еткен Ризабек Айтмұхан бүгін елге оралды. Осы спорт түрінен екі дүркін қола жүлдегер Азамат Дəулетбековті де әуежайға жиналған жұрт зор ықыласпен, қошеметпен қарсы алды.

Көк туымызды көкте желбіреткен чемпионды Алматы әуежайынан жақын туыстарынан бастап, дос-жаран мен жанкүйерлері күтіп алды. Спортшылар ұлттық тағамдардан дәм татып, жарыстан алған әсерлерімен бөлісті.

Ризабек Айтмұхан, Еркін күрестен Әлем чемпионы:

Шынымды айтсам өте керемет сезімде болып тұрмын. Қазақ халқына үлкен алғысымды білдіргім келіп тұр. Таңғы беске қарамастан осылай мені қарсы алып жатқанына үлкен рақмет! әлем чемпионы атанғанымды енді сезіне бастадым.

Чемпионды бала кезінде спортқа алып келген әкесі осы жарысқа қатысарда мақсат айқын болғанын айтады.

Қанат Жолдасбаев, Ризабек Айтмұханның әкесі:

Осы жарысқа алтын аламыз деп дайындалдық. Әлем біріншілігіне аттанар уақытта баламмен отырып сөйлескенде алтынға шейін барамын деді.

Еркін күрестен екі дүркін қола жүлдегер Азамат Дәулетбеков жақында Азия ойындарына аттанады. Бұл басы ғана, алдыма қойған мақсат айқын дейді.

Азамат Дәулетбеков, Еркін күрестен әлемнің екі дүркін қола жүлдегері:

Екі аптадан кейін Азия ойындары болады. Сол жарыста елге абыроймен, қола жүлдені алтынға айналдырып оралғым келеді

Ризабек Айтмұхан – еркін күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ. Жиырма бес жыл бұрын Қазақстан тек грек-рим күресінен алтын алған болатын.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу