Тарихи жеңіске жеткен Ризабек Айтмұхан елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарихи жеңіске жеткен Ризабек Айтмұхан елге оралды

21.09.2023

Еркін күрестен Әлем чемпионы атанып, елге тарихи жеңіс тарту еткен Ризабек Айтмұхан бүгін елге оралды. Осы спорт түрінен 2 дүркін қола жүлдегер Азамат Дəулетбековті де әуежайға жиналған жұрт зор ықыласпен, қошеметпен қарсы алды.

Көк туымызды көкте желбіреткен чемпионды Алматы әуежайынан жақын туыстарынан бастап, дос-жаран мен жанкүйерлері күтіп алды. Спортшылар ұлттық тағамдардан дәм татып, жарыстан алған әсерлерімен бөлісті.

Ризабек Айтмұхан, Еркін күрестен Әлем чемпионы:

Шынымды айтсам өте керемет сезімде болып тұрмын. Қазақ халқына үлкен алғысымды білдіргім келіп тұр. Таңғы беске қарамастан осылай мені қарсы алып жатқанына үлкен рақмет! Сербияға қарағанда өте күшті сезіліп жатыр Әлем чемпионы болғаным.

Чемпионды бала кезінде спортқа алып келген әкесі осы жарысқа қатысарда мақсат айқын болғанын айтады.

Қанат Жолдасбаев, Ризабек Айтмұханның әкесі:

Дайындалдық алтын аламыз деп. Кетер кезде баламмен отырып сөйлескенде алтынға дейін барамын деді. Қатты ынтасы болды.

Еркін күрестен екі дүркін қола жүлдегер Азамат Дәулетбеков жақында Азия ойындарына аттанады. Бұл басы ғана, алдыма қойған мақсат айқын дейді.

Азамат Дәулетбеков, Еркін күрестен Әлемнің 2 дүркін қола жүлдегері:

Екі аптадан кейін Азия ойындары болады. Сол Азия ойындарында бұйыртса елге абыроймен оралу. Осы қоланы алтынға айналдыру.

Ризабек Айтмұхан – еркін күрестен Әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ. 25 жыл бұрын Қазақстан тек грек-рим күресінен алтын алған болатын.


Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу