Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын

20.09.2023

Құран құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ең биік халықаралық мінберде осылай деді. Әрі елімізде биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құрылуы мүмкін. БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы жалпы дебатта Президент бірқатар ұсыныс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның мінберінде қасиетті кітаптың мұсылман қауым үшін қадірін жеткізді. Игілік жолы Исламнан бөлек, әр ұлттың мәдениетіне ілтипат танытуда жатыр. Бейбітшіліктің берік діңгегі – дінаралық және конфессияаралық диалог.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс. Түптеп келгенде, бейбітшілік мәдениеті тек «бірлігіміз – әралуандығымызда» және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады. Сондықтан мен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін мақтан тұтамын.

Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құрылуы мүмкін. Президент процесті бастау туралы үндеу тастады. Әрі халықаралық қатынастағы Қазақстан ұстанымын айтты. Ұлттық мүддесін көздей отырып, халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және егемендік – мұның бәрі халқымыз қазір де, келешекте де басшылыққа алатын мызғымас қағидалар. Біз барлық стратегиялық мәселе бойынша негізгі одақтастарымызбен қарым-қатынасымызды жалғастыра береміз.

Жаһанды алаңдатқан мәселе көп. Оны реттейтін нақты шешімдер керек. Президент осы тұста жаңа бағамдар ұсынды. Көпжақты сауда жүйесі. Азық-түлік қауіпсіздігі. Жаһандық жылыну. Су тапшылығы. Әрқайсының салмағы басым. Дереу шешуді қажет етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Климат мәселесін сауда және инвестициялық ынтымақтастықты шектейтін шаралар үшін пайдаланбау керек. Керісінше, біз БҰҰ айқындаған Климат өзгерісімен күрес жөніндегі оң шаралар сияқты нәтижелі өзгерістерге баса мән беруге тиіспіз. Мұнда «жасыл» экономикаға негізделген жұмыс орындарын ашуға инвестиция құю, қазба отындарын пайдалануды субсидиялауды тоқтату және климаттағы өзгеріске қарсы күрес әрекеттерінің барлық деңгейінде әділеттілікті, инклюзивтілікті және әйелдердің қатысуын қамтамасыз ету шаралары қамтылады. Алайда тиісті қаржыландыру болмаса, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі ауқымды жоспар жүзеге асырылмайды.

Жиында Қазақстан тарапы Әділетті энергетикалық жүйеге көшу бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Тағы бір маңызды мәселе – су. Бүкіл әлем алаң, дегенмен, Орталық Азия аймағында қауіп күшейіп келеді. 2040 жылға қарай суға жаһандық сұраныс ұсыныстан 40 пайызға асып кетуі мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шаралармен бірге осы бір маңызды жаһандық мәселені шешу үшін саяси күш-жігеріміз бен экономикалық ресурсымызды жұмылдыруымыз керек. Келесі жылы Қазақстан Халықаралық Аралды қорғау қорына төрағалық етеді. Біз қоршаған ортаның одан әрі тозуына жол бермеу және бір кездері планетамыздағы аумағы жөнінен төртінші орында тұрған көлдің айналасындағы тіршілікке кері әсерін болдырмау жұмыстарын жалғастырамыз. Қазір әлемдегі ең ірі көл – Каспий теңізі де суының тартылуы, су арналарының бұрылуы, флорасы мен фаунасының ластануы сияқты экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Каспий теңізін құтқару мәселесі ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты қажет ететін ортақ басымдыққа айналуы керек.

Орталық Азия. Халықаралық қауымдастықтың «біртұтас әрі дербес» бөлігі. Осылай деген Мемлекет басшысы аймақтағы елдермен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Ауғанстан ахуалын да айтты Президент. Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ашылу жоспарда бар. Қасым-Жомарт Тоқаев бастаманы қолдауға шақырды. Әрі жуырдағы Жолдауында жаңа экономикалық саясатты ұсынғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өскелең ұрпақтың денсаулығы, әл-ауқаты және сапалы білім алуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы саналады. Мен елімізді баянды болашаққа жетелейтін жастарға зор сенім артамын. Елімізде және шетелдерде кемел келешек үшін аянбай еңбек етеміз. Біріккен Ұлттар Ұйымының негізінде жатқан бірлік пен ұжымдық ықпалдастық рухын жаңғыртайық.

Қазақстан жарқын, әділетті және орнықты әлем құру ісінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын. Президент сөзін осылай түйіндеді.


Хабарламаларға жазылу