Жамбылдық жас омарташы жылына 7 мың келіге жуық бал өндіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық жас омарташы жылына 7 мың келіге жуық бал өндіреді

19.09.2023

Жамбылдағы жас омарташы жылына 7 мың келіге жуық бал өндіреді. Ерсінбек Үсіпбек атадан жалғасқан ара шаруашылығын 6 жыл бұрын қолға алған. Бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып, кәсібін көркейтіп отыр. Бал арасының бабын тапқан ауыл тұрғынымен аймақтағы әріптесім Данияр Әлімқұл тілдесіп келді.

Осылай омарташылықты кәсіп еткен Сарыкемер ауылының тұрғыны Ерсінбек 2 млн араны баптап, бал алады. Оның бір арасы 0,5 келіге жуық бал беру үшін 2 млн гүлге қонады. Сондықтан ол еңбекқорлықтың ең үлкен үлгісін арадан алу керек дейді. Өзі инженер-механик маманы болғанымен, 6 жыл бұрын үш атадан жалғасқан омарташылыққа қайта оралған.

Ерсінбек Үсіпбек, омарташы:

Аналық ара бір күнде 1 200 -2 000 таяқша тастайды. Ал жұмысшы аралар бар-жоғы 45 күн өмір сүреді. Олар 21 күнде дүниеге келеді. Күндізгі жинаған балдарын нектар қылып алып келеді, соны түнімен өндіреді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мына жәшіктің ішінде қазір 10 мыңның үстінде ара бар. Бұл балсандық деп аталады. Ал жаздың күні 20 мыңға жетеді. Сәуір мен тамыз айлары аралығындағы бал жинау маусымында әр балсандықтан 50-70 келі бал алуға болады.

Еңбекқор қанаттылардың тұқымы карника және карпатка деп аталады. Олар Альпы таулары мен Карпат бөктерін мекендейді. Талғат Исмаилов 30 жылдан бері араларды асылдандыру үшін жыл сайын шеттен тұқымын алдырады. Өйткені өңірдегі аралар жыл сайын өз белсенділігінен айырылады екен. Сондықтан селекция үшін субсидия көлемі артса дейді. Одан бөлек, аралардың жаятын жері мен кенеге қарсы дәрілеуі тағы бар.

Талғат Исмаилов, омарташы:

Соның бәріне 5 мың теңге жетпейді. Құрығында 15 мың теңге болса, бірдеңе ойлап табуға болады. 40-50 мың теңге тұрады мысалы, бір аналықты сатып алу. Ол әкелгеннен кейін ара бола ма, болмай ма?

Омарташылық – облыс көлемінде кенже дамып келе жатқан кәсіп түрі. Аймақта әзірге 52 омарташы бар. Олардың 38-і былтыр мемлекеттен 65 миллион теңге субсидия берілген.

Нұржан Мұқашев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Биылғы жылға да сол деңгейде қаржы қойылып отыр. Өйткені барлық 52 омарташы толық өтінім бермейді. Оның жаңағы мемлекеттің қолдауға ұсыныс беріп отырған шегінде қаражат жылда қоямыз. Негізінде оның саны артып, өтінім саны ұлғайып жатса, қаржысын ұлғайтуға толық мүмкіндік бар.

Бал арасын баптау ата кәсіпке айналып келеді. Омарташылар ара шаруашылығын дамытатын арнайы бағдарлама енгізілгенін қалайды. Ал жоғары оқу орындары бал өндіру бағытын оқытса, кәсіпке қызығатындар саны артатынын айтады. 


Данияр Әлімқұлы

Хабарламаларға жазылу