Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс қарқын алып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс қарқын алып келеді

19.09.2023

Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыс қарқын алып келеді. Биыл жарты жыл ішінде сауда саттық 2 миллиард долларға жуықтады. Яғни, былтырғы сәйкес кезеңінен үштен бірге көп. Бұл туралы АҚШ-тағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев айтты.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Екі жақты алыс берістің тұрақты өсуіне пандемияның сейілуімен қатар геосаяси жағдай да әсер етіп отырғаны анық. Көрші еліміз санкциялық қыспаққа түскелі екі жақтың қарым-қатынасы ширай түсті. «Оның ішінде Мемлекет басшысының былтырғы АҚШ сапары өзара сауда саттыққа едәуір серпін берді», - дейді сарапшылар. Себебі БҰҰ Бас Ассамблеясына келген кезде Қасым-Жомрат Тоқаев АҚШ-тың 50-ге жуық компаниясының басшыларымен кездескен еді. Нәтижесінде еліміздің бір ғана IT саладағы экспорты жарты млрдқа теңгеге жетті.
Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ Төтенше және өкілетті елшісі:

Релокация үрдісі аясында Microsoft, InDrive сияқты ірі-ірі компаниялар өзінің аймақтық офистерін, орталықтарын Қазақстанға көшірді. Бұнің бәрі сайып келгенде IT саласындағы қызметтердің экспортына өз үлесін қосып отыр.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

АҚШ-тың ірі компанияларының бизнестерін Қазақстанға ауыстыру процесі мұнымен тоқтамайды. Биылдың өзінде бірнеше кәсіпорын негізгі кеңселерін біздің елге әкелуді жоспарлап отыр. Оның қандай компаниялар екені бірер күнде БҰҰ Бас Ассамблеясы аясындағы кездесулерде белгілі болмақ. Жалпы Қазақстанда америкалық капиталмен 607 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бір жыл ішінде олардың саны 8,4% өскен.

Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ Төтенше және өкілетті елшісі:

Азық-түлік өнімдерін шығару, машина жасау өндірісі болсын сүбелі жобаларымыз бар. Олардың да таяудағы сапар аясында таныстырылымын жасап өтеміз деген ойымыз бар.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Биыл АҚШ Қазақстан экономикасына инвестиция салған екінші ең ірі инвесторға айналды. Тікелей тартылған қаржы 2022 жылы 82 пайызға артып, 6 млрд долларға жақындады. Америкалық бизнес қауымдастық әдеттегідей мұнай-газбен ғана шектелмей өңдеу өнеркәсібі, тау-кен, фармацевтика, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға пейілді. Жалпы былтырғы екі жақты сауда байланысы 3 миллиард доллардан асты. Осы аптада БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында да Мемлекет басшысы бірқатар маңызды кездесу өткізеді деп жоспарланған. Бұл сайып келгенде екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне сеп болмақ.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу