Елде IT саласына серпін беретін тың жобалар жүзеге асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде IT саласына серпін беретін тың жобалар жүзеге асады

19.09.2023

Қазақстан – жаһандық деңгейдегі бейбітшілік қорғаны ретінде басымдыққа ие. БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде осылай деді. Әрі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және адам құқығының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Ал Президенттің Amazon корпорациясының вице-президентімен кездесу аясында іргелі құжатқа қол қойылды. Яғни, IT саласына серпін беретін тың жобалар жүзеге аспақ. Өйткені Амазон – әлемдегі ірі технологиялық компания. Мемлекет басшысы цифрлық саланы одан әрі жетілдіру үшін елімізге өз санатындағы ең мықты инфрақұрылымдық шешімдер қажет екенін айтты.

Қазақстанда медициналық аппараттар шығарылады. Мемлекет басшысы GE Healthcare компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша президенті Роб Уолтонмен өткізген кездесуінде осындай уағдаластыққа қол жеткізілді. Көп ұзамай компьютерлік томография, ангиография және маммография құрылғылары өз елімізде өндіріледі. Бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев құптап, отандық дәрі-дәрмек пен медициналық техника өндірісінің үлесін 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін арттыру міндетіне толықтай сай келетінін айтты. Тағы бірнеше бірлескен жобалар бар.


Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу