«Ұлы дала жорығына» шыққан тұлпарлар мәреге жақындап келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлы дала жорығына» шыққан тұлпарлар мәреге жақындап келеді

18.09.2023

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі шарықтау шегіне жақындап келеді. Аттың ауыздығымен алысқан шабандоздар доданың 11-12 кезеңінде Сыр өңірі аумағынан өтіп, жорық қыза түсті. Тұлпарлар дүбірінде дес бермей келген Маңғыстау облысының арғымақтары жарақат алып, күтпеген жерден жарыс жолынан шығып қалды.

1300 шақырымдық марафон-бәйге – ат пен атбегілердің бабы мен төзімі сыналатын дүбірлі дода. Ұлы жорық мәресіне жақындаған сайын қазанаттардың қатары сиреп барады. Елордадан бастау алған жарыста 19 команда жорыққа шықса, 1150 шақырымдық белесті тек 6 өңірдің арғымақтары бағындырды. Ал былтырғы жеңімпаздар Маңғыстау облысы биыл мәреге жетпей, аламанды ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Бақытжан Тұрлыбеков, ҚР Ат спорты федерациясының президенті, жоба авторы:

Бақ шаба ма, бап шаба ма дейді ғой. Олардың бағы шаппады деп ойлаймын. Қазір келіп жатқанның бәрі аралас қанаттар. Таза қандар. Шет елден алып келген аттар бұған жарамайды. Адамдар болды облыста өздерінің шетелден әкеп ат қосқан. Олардың бәрі 2-3 күнде шығып кетті.

Сыр өңірі 10 күннен бері аттан түспей, жорық құрған шабандоздарды қарт Қаратау етегінде сән-салтанатымен күтіп алып, құрмет-қошемет көрсетті. Жарысқа қатысушылар сәл тынығып, тұлпарлардың бабын жасап, соңғы екі кезеңді еңсерудің қамына кірісті. Өйткені, мәреге жақындаған сайын шабандоздар арасындағы бәсеке шиелінісіп, жүлдеге талас қыза түсуде.

Нұрбол Әбдірахманов, Қостанай облысының өкілі:

Түркістанның төріне аман-сау жетсек. Сосын біздің екі атымыз «Супер марафон» дейді сол басынан бастап 1300 шақырымды өтуге міне олар екі атымызда қосылып келе жатыр. Қазір жақсы рекорд жасаймыз деген ниетте келе жатырмыз.

Ұлттық құндылығымызды ұлықтаған ауқымды жоба арқылы елімізде атбегіліктің беделі артып, қанда бар қазанат баптау өнері қайта жаңғырып келеді дейді мамандар. Ұлы дала жорығы марафон-бәйгесі ертең Түркістанда өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болмақ.


Хабарламаларға жазылу